Көкшетауда көз жұмған сәбидің туыстары оның өліміне дәрігерлерді кінәлап отыр. Айтуларынша, бала жұқпалы ауруларға қарсы екпе жасағаннан кейін 10 сағаттан соң қайтыс болған.
Ал сот-медициналық сараптама 1 жасар баланың өкпесі қабынын көрсеткен. Бұл іске қатысты тексеру әлі де жалғаспақ. Аталмыш дерек бойынша қылмыстық кодекстің «Медициналық және фармацевтикалық қызметкерлердің міндеттерін тиісті деңгейде орындамау» бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу тағайындалған
Анастасия Маркович, анасы:
Егер менің балам ауру болса, неге дұрыстап тексермеді. Неге екпе жасады? Баланың ағзасы екпені көтере алмады. Мен әділдікті қалаймын. Жауап берсін. Бұл сұрақты осылай қалдырмаймын. Аяғына дейін барамыз.
Бибігүл Иманқұлова, Ақмола облысы қоғамдық Денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары:
Сот-медициналық сараптама бойынша баланың өлімі өкпе қабыну салдарынан ауаның жетіспеушілігінен болған. Бұл қайғылы жағдайға екпенің қатысы жоқ. Қазір мәліметтер тәуелсіз сарапшыға жіберілді. Оның қорытындысын ішкі істер органдарына тапсыратын боламыз.
Ермек ЕЛБЕРГЕН