Кеше Сыртқы істер министрлігі РФ Сыртқы істер министрінің орынбасары Александр Панкиннің Батыс әлемінің санкцияларына орай Еуразиялық экономикалық одақ қайтарма санкциялар енгізуге әзірленіп жатқаны туралы сөзіне байланысты комментарий берді.
Ресей дипломаты «ЕЭО-қа қатысты үшінші бір елдердің достықтан алыс санкциялық әрекеттеріне жауап беретін шаралар күн тәртібіне қойылды, қаралып жатыр және қарала бермек. Алайда санкциялардың нақты формасы, ауқымы, көлемі Дүниежүзілік сауда ұйымының принциптері аясында заңды болуы керек. «Қанға қан, жанға жан» болып шықпауы тиіс», деген еді.
Еліміздің СІМ ЕЭО-ты саясиландыруға қарсы екенімізді айтты.
«2014 жылы 29 мамырда қол қойған ЕЭО туралы келісімге сәйкес, бірлестікті құрудағы мақсат – тауарлар мен қызметтер, капитал мен жұмыс күшінің еркін қозғалысын қамтамасыз ету, халықтардың әл-ауқатын арттыру үшін мүше мемлекеттер экономикасының тұрақты дамуына жағдай жасау», деп еске салады министрлік. Одан әрі «Қазақстан ЕЭО аясындағы интеграциялық процестер тек экономикалық сипатқа ие деген қағиданы ұстайды және бірлестікті саясиландыруға қарсы» деп жалғастырған.
Сөйтіп Батыс әлемі санкцияларының негізінде саясат жатқанын және оның тұтас ЕЭО-на емес, кейбір мүшелеріне бағытталғанына тоқталған. 2014 жылы құрылған Еуразия экономикалық одағына Ресей, Беларусь, Армения, Қазақстан және Қырғызстан кіреді.
АҚШ пен Еуропа одағы Ресейге Украинаның Қырым түбегін аннексиялағаны және елдің шығысындағы сепаратистерді қолдағаны үшін, биыл оппозиционер Алексей Навальныйды қамағаны үшін санкциялар салып жүр. Сонымен бірге былтыр бейбіт наразылықты күшпен басып, адам құқықтарын әбден таптағаны үшін және өткен мамырда оппозициялық журналист мінген ұшақты күшпен бұрып әкеткені үшін Беларусь мемлекетіне де санкциялар салу басталды.