Шымкентте қатты жел тұрып, 10 ғимараттың шатырын ұшырып әкетті. Оның бесеуі көпқабатты тұрғын үй, екеуі білім беру мекемесі, қалған үшеуі коммерциялық нысандар.
Төбесін жел шайқаған бұл ғимараттардың 3 мың шаршы метр жабындысы дауылда көтеріліп, автокөліктердің, айналадағы нысандардың үстіне құлаған. Төңіректі алай-түлей еткен дауылдан 12 жасар бала жарақат алды. Қазір ол Түркістан облыстық балалар ауруханасында жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, жағдайы орташа. Сондай-ақ секундына 26 метр жылдамдықпен соққан желден шаһардың шеткері аумағындағы 6 шағын ауданда электр жарығы сөніп қалды. Кешкі қарбалас сәтте бағдаршамдар істен шығып, көшелерде автокөлік кептелісі пайда болды. Апаттан соң қалпына келтіру жұмыстары түнгі сағат 10-нан өте аяқталып, электр жарығы берілді. Табиғи апатқа байланысты шаһарда жедел штаб құрылып, тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды.
Ғани Қалмаханов