МИ-8 тікұшағы апатынан 13 адам қаза тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

МИ-8 тікұшағы апатынан 13 адам қаза тапты

28.03.2019
МИ-8 тікұшағы апатынан 13 адам қаза тапты

Кеше кешкілік Қызылорда облысының Жалағаш ауданында МИ-8 тікұшағы апатқа ұшырады. Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, аталмыш тікұшақ 4 бірдей әскери тікұшақ құрамынан тұратын бөліммен бірге Ақтау қаласынан Шымкентке ұшып бара жатқан. Ұшу сапары арнайы бөлімшелердің «Алтын жебе» кешенді оқу-жаттығуы аясында жүргізілген. Қайғылы жағдайға байланысты Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтты.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, төрт тікұшақтың екеуі Қызылорда қаласына қонды. Ал, қалған бір тікұшақ оқиға орнына қайта оралған. Қорғаныс министрлігі Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, болған әуе апатының себебін анықтау мақсатында тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Оқиға орнына біздің Қызылорда облысындағы меншікті тілшіміз Ақерке Берікбекқызы барды. 

Ақерке Берікбекқызы, тілші:

 Әскери тікұшақ Жалағаш ауданы аумағына құлаған. 112 қызметіне хабарлама кешкі 6 шамасында түскен. Сол сәтте арнайы құрылымдар, Төтенше жағдайлар, жедел жәрдем қызметтері  оқиға орнына жетті. Алдын ала мәлімет бойынша, бортта 13 адам болған.

Олжас Искаков, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

17:42-де алғашқы шақырту берілді.  18:02 алғашқы жедел жәрдем бригадасы осы жерге жетті. 4 жалпы жедел жәрдем бригадалары осы жерде қызмет жасап жатыр. Көмек көрсетілген адамдардың саны  жоқ, бүгінгі таңда тек қана қайтыс болған жағдайлар тіркелген. 3жағдай.

Ақерке Берікбекқызы, тілші:

Оқиға болған жер толықтай қоршалған. Ол жерге өту мүмкін емес. Бұл жерге  әскери бөлімнің  инженерлік құрылғылармен жабдықталған арнайы құрылымдары жеткізілді. Қазір комиссия жұмыс істеп жатыр. Оқиғаның себеп-салдары анықталу үстінде.

 

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу