Шарын шатқалындағы селден аман қалған оқушының жағдайы жақсы. Ол ауруханада ем қабылдап жатыр. 11 жасар Зерені тасқын су 4 шақырымға дейін ағызып кеткен. Жасөспірімді төтеншеліктер 20 сағаттан соң тауып алды. Еске салайық сенбі күні Шарын шатқалында сел жүріп, демалуға барған мұғалім мен бір оқушы көз жұмды.
Қуан Нұрақын, тілші:
Оқыс оқиға дәл осы жерде болған. Нөсер жауын жауған сәтте туристердің жартысы жартас сағасын паналаса, қалғаны қарсы бетте тұрған. Айналасы 10 минуттың ішінде екпіндеткен сел он шақтысын ағызып әкеткен. Қайтыс болған 26 жастағы мұғалім мен оқушы мына жартастың астында тұншығып қалған.
Құтлықжан Юнусов, «Шарын» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бөлім басшысы:
Бәріміз жабылып осы жерден шығарып алдық. Бірақ кеудесінде жаны болған жоқ. Екінші кісіні ағасы көтеріп алып келді. Оған басқа да туристер көмектесті. Алғашқы медициналық көмек көрсетілгенімен ол кісіні де аман алып қала алмадық.
Ал жоғалған 11 жастағы Зерені іздестіру оңайға соқпаған. Кешке дейін аяқ киімінен басқа еш белгі табылмапты. Тек ертеңінде таңертең парк қызметкері байқап, құтқарушыларға хабар берген.
Аман қалған қызының дауысын естіген анасы көңілі босап, бір жылап алды. Айтуынша, құтқарушылар мен туыстары іздестіру жұмыстарын қараңғы түскенде тоқтатып, таңғы төртте қайта бастаған.
Жания Әбішева, құтқарылған оқушының анасы:
Біз түсіндік өзенге кеткенін. 20 адам төменгі жағынан, жиырма адам осы жағынан шықтық. Осы жақтың кісілері итпен шықты. Водолаздар шықты.
Таңға дейін құтқарушыларды тағатсыздана күткен Зеренің өзі еш қорықпағанын айтады. Тек жардың үстіне өрмелеп бара жатқанда артқа құлап, дене жарақаттарын алған.
Зере Бисембай, апаттан аман қалған оқушы:
Біринәрсені зерттеп жүрген әскерилерді көрдім. Оларды көріп айғайладым. Олар мені көргеннен кейін тікұшақты шақырды.
Оқиғадан зардап шеккен тағы алты адам Ұйғыр аудандық ауруханасына жеткізілді. Олардың жағдай жақсы, өміріне еш қауіп жоқ дейді дәрігерлер. Үшеуі үйіне жіберілген.
Майра Букеева, Ұйғыр аудандық денсаулық сақтау бөлімі басшысының орынбасары:
Ал бір науқас орталық көпсалалы ауруханасына жіберілді. Ал хирургия бөлімінде екі науқас жатыр.
Шарын шатқалына келген әр адамды қадағалап отыруға біздің мүмкіндігіміз жоқ дейді парк басшысы. Себебі, қызметкерлер жетіспейді. Ұялы байланыс ұстамайтындықтан, туристермен хабарласу да қиын. Ал, дәл мұндай сел жүру оқиғасы соңғы отыз жылда тіркелмегенін айтады.
Елнұр Ахметов, «Шарын» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің директоры:
Жауын басталған уақытынды хабарлама жасалып шыққан. Біздің инспекторлар он екі адамды осы жерде құтқарып қалған. Аяқасты келген нөсер жаңбыр 15-20 минутта келді. Жалпы Шарын шатқалының төбесіне жауған жауын 10 минуттың ішінде жауған жауын. Содан сел алып кетіп отыр. 04:54
Шатқалға барғандардың арасында Алматы қаласындағы №199 гимназияның 8 оқушысы бар. Оларды 5 ата-ана мен 3 мұғалім ертіп жүрген.
Алматы облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қазір бұл оқыс оқиғаға қатысты қылмыстық кодекстің 2-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Қуан Нұрақын