Елордадағы қоғамдық көліктер апаты: Автобус жүргізушісінің жүрегі тоқтап қалған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордадағы қоғамдық көліктер апаты: Автобус жүргізушісінің жүрегі тоқтап қалған

26.03.2019

Бейресми деректер бойынша, автобус жүргізушісінің жүрегі тоқтап қалған көрінеді. Алайда, құзырлы мекемелер бұл нұсқаны толық растаған жоқ. Сот-сараптама нәтижесін күтіп отыр. Айта кетейік, бүгін таңертең Қабанбай Батыр даңғылы мен Ұлы дала көшесінің қиылысында жойқын жол апаты болып, екі адам көз жұмды. 27 жолаушы түрлі дене жарақатын алды. 

Оқиға орнына жедел-жәрдем мен құтқару қызметі дереу жетті. Қабанбай батыр даңғылындағы көлік қозғалысы уақытша тоқтатылды. Зардап шеккендерге алғашқы медициналық жәрдем жасап, одан әрі емдеу үшін ауруханаға жөнелтілді. Қайтыс болған жүргізушіні және автобус ішінде қысылып қалған бір жолаушыны шығару үшін арнайы құрал-жабдық пен техника қолданылды.

Көшедегі бейнебақылау жол-көлік оқиғасын түгелдей түсіріп алған. №303 автобустың екпіндеп келіп бағдаршамда тұрған №12 автобуспен соқтығысқан сәті анық көрініп тұр. Өкініштісі, жүргізуші мен бір жолаушы оқиға орнында жан тапсырды. Жүргізушінің 4 баласы бар екені белгілі болды. Ал, қайтыс болған азаматша жалғызілікті ана және артында кішкентай сәбиі қалды. Зардап шеккендердің саны 27 адамға жетті. Қазір олар №2 қалалық ауруханада жатыр.Төртеуінің ахуалы өте ауыр. Үшеуіне операция жасалды.

Қамалжан Надыров, қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

Әлеуметтік желілерде науқастарға қан жетпей жатыр деген қауесет тарап кетті. Оның барлығы өтірік әңгіме. Ауруханада қан қоры жеткілікті, дәрі-дәрмек бар барлық медицналық көмек түрі жасалып жатыр.

Данияр Аймағанбетов ауруханаға түскен келіншегінің жағдайын біліп шықты. Айтуынша, әйелі соқтығысқан №303 автобустың ішінде болған. Қолы сынып, қабағы жарылып, ет-терісі жыртылған. 

Данияр Аймағанбетов, зардап шеккен әйелдің жұбайы:

Бас-ми жарақатын алған. Маңдайы жыртылған, қолын, аяғын тіккен.. Халық іште шулаған. Соған қарағанда жүргізуші жүрек ұстамасын алған сияқты.

Апаттың себебі туралы әртүрлі болжамдар айтылуда. Автобустың тежегіші істен шығуы мүмкін деген әңгіме де жиі тарады. Әйтеуір, әлеуметтік желідегілер жұрттың құлағын шулатқаны жасырын емес. Алайда, болжамдардың барлығы теріске шықты. 

Әлихан Қуатбеков, Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы басшысының орынбасары:

Медициналық  бақылауда жүргізуші денсаулығының ауытқушылығы байқалмаған. Көліктің техникалық жағдайы да күн сайын белгілі бір ережеге сәйкес анықталып отырады. Көліктің де техникалық ережеге сәйкес екендігі анықталды.

Автобустар соқтығысының нақты себебі құпия күйінде қалып тұр. Сот-медицналық сараптама мен тергеу амалдарының қорытындысын күту керек. Әзірге құзырлы мекемелер автопарктердің ахуалын тағы бір мәрте тексеруді бастап кетті.

Ербол Мәндібек, тілші:

Жантүршігерлік жол апатынан қайтыс болған және зардап шеккен азаматтарға әкімшілік әрі автопарк тарапынан материалдық көмек көрсетіледі. Оның көлемі қанша болатыны әзірге белгісіз. Сонымен қатар, айта кететін тағы бір жайт, қолданыстағы заңнама бойынша жолаушылардың сақтандыру төлемдері тергеу-тексеру амалдары аяқталған соң өтеледі.

 

Ербол МӘНДІБЕК

Хабарламаларға жазылу