Түркістан облысында қуаңшылықтан шөп 2,5 есе қымбаттап кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында қуаңшылықтан шөп 2,5 есе қымбаттап кетті

27.05.2021

Түркістан облысының оңтүстік аймақтарында көктем аяқталмай жатып, қуаңшылық басталды. Наурыз бен сәуірде жауын шашын аз болып, күн күрт ысып кеткендіктен енді бой көтере бастаған көк буыны қатпай жатып қурап қалды. Салдарынан орылған шөп бірден 2-2,5 есе қымбаттап шыға келді. Өрісі тарылған ауылдағы ағайын енді қоңынан айрылған төрт түлігін не істерін білмей дал. Сатайын десе мал арзан, жаяйын десе шөп жоқ.

Келес, Шардара, Мақтарал мен Жетісай аудандарында төрт түліктің аузы биылдыққа көкке тиген жоқ. Шөп әлдеқашан қурап қалған. Жердің шаңы шығып жатыр. Онсыз да қыстан қысылып шыққан малдың алды қазір көтерем бола бастаған.

Сұлтан біраз жылдан бері жиған малын шетінен сатып жатыр. Бүгінгі базарға тағы 10 қозысын әкеліпті. Өйткені енді бірер күнде малдың бәрі өрісті тауысып, қолға қарайын деп тұр. Амалы қалмаған шаруа ересек малын аман алып қалау үшін әлі жетілмеген төлін ажыратып сатуда.

Сұлтан Әмірәлиев, шаруа: 
Қырда жүрген қойлардың күйі жоқ. Қозыларды амал жоқ сатып жатырмыз. Жылда 40-45 мыңнан сататын ек жетілдіріп барып. Әзір амал жоқ, майдасымен бәрін сатып жатырмыз. 

Мал базарында қазір ұсыныс пен сұраныстың ара салмағы алшақ. Әсіресе ірі қара мен жылқыны сату қиын. Малдың дені арық-тұрақ. Сатушы көп болғанмен, алушы аз. Соған лайық баға да төмен.

Ал керісінше шөп базарында сауда қызып тұр. Жоңышқаның алғашқы орымынан сығымдалған бір буманың ең арзаны 1 мың теңге. Бірер айда тағы қымбаттап кете ме деген қауіп те жоқ емес.

Шаруалардың дені жергілікті билік әлі де болса шөптің бағасын тұрақтандырып,қосымша жайылым жер қарастыратын шығар деген үмітпен жүр. Бірақ онысы ақталмайтын тәрізді.

Сейітжан Әзбергенов,  Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы: 
Бұған ешқандай қолдау шаралары көрсетілмеген. Шаруаларға көмек жоқ.

Облыстағы төрт түлік саны 6 миллионнан асқан. Ал жайылымдық жер небәрі 612 мың гектар ғана. Бұл қажеттіліктен 25 есе аз.Ал 152 елді мекеннің маңында мүлдем мал жаятын жер қалмаған.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу