Алматыда медициналық орталыққа алданғандар араша сұрайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда медициналық орталыққа алданғандар араша сұрайды

26.05.2021

Алаяқтарға алдандық деген бес мыңдай алматылық тұрғын қарызға белшеден батқанын айтады. Олар «Плаза» медициналық орталығына көрсетілмеген емдеу қызметі үшін несие төлеп отыр. Берешектері төрт жүз мыңнан басталып бір жарым миллион теңгеге дейін жетеді екен. Ақшаны қалтаға басқан орталық басшылығы кеңсесін жауып тайып тұрған. Сан соғып қалғандар құзырлы органдардан араша сұрайды.

Қуан Нұрақын, тілші:
Тұрғындарды қан қақсатқан медициналық орталықтың кеңсесі осы. Төрт қабатты ғимараттың жер төлесіне дейін клиенттерді қабылдайтын бөлмелер болған. Былтыр наурыз айынан бастап есігіне құлпы салынып, хабар-ошарсыз кеткен.

Базар Шәріпқызы орталық ұсынған косметологиялық қызмет үшін төрт жүз мың теңге несие рәсімдеген. Айтуынша, банк өкілдері ақшаны қолына бермей, бірден «Плазаның» есеп шотына аударып жіберген.

Базар Абдулдина, зардап шегуші:
Менің телефоныма шықты. Осындай акция болып жатыр келіңіз деп. Тегін деген соң қызық қой қызымды ертіп бардым. Бетіме шамалы бір әрлеу, маска жасады да ары қарай басталды. Психологы бар, менджері бар, банктің адамы бар. Үгіттей бастады.

Жиналғандардың сөзінше, несие медициналық мекеменің тура ішінде рәсімделген. Тұтынушылардан жиі арыз түскен соң былтыр қаңтар айында қылмыстық іс қозғалған. Бас кеңсесі жабылып қалса да, атын өзгертіп, орталық қаланың әр бұрышынан клиенттерді қабылдауын тоқтатпапты.

Райхан Ысқақова, зардап шегуші:
Орталық косметологиядан бөлек медициналық қызмет те көрсетті. Ішінде стоматология, гинекология, трихология және емдік массаж да бар. Біз егер төлеген ақшамызға ем алсақ, бұлай шырылдамас едік. Екінщі деңгейлі банктер, тіпті, жұмыс істемейтіндерге де бірден кредит бере салды. Бұл қалайша?

Ал банк өкілі кредитті онлайн рәсімдеу заң аясында жүзеге асқанын айтады. Зардап шегушілер тарапынан арыз-щағым болса, жеңілдік беру жағын қарастырамыз деп отыр.

Василий Смирнов, екінші деңгейлі банктің департамент басшысы:
Медициналық орталықтағы банк қызметкерлері емес. Агенттер арқылы біз несиені рәсімдедік. Ол банк саласында кең таралған тәжірибе. 

Қазір бұл мәселе бойынша алаяқтық бабымен қылмыстық іс қозғалып, тергеу әлі жүріп жатыр. Полиция департаменті бір жарым жыл ішінде екі мыңға жуық адамнан жауап алған. Ал медициналық орталықтың құрылтайшысы - Ресей азаматына халықаралық іздеу жарияланды.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу