Қарағандыда каратэ секциясында жаттығу кезінде жарақат алған жасөспірім қайтыс болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағандыда каратэ секциясында жаттығу кезінде жарақат алған жасөспірім қайтыс болды

11.03.2019

Оқиға 8 наурыз күні болған. Жедел жәрдемге 19:06-да қоңырау түсіп, дәрігерлер тобы жекеменшік сауықтыру орталығына шұғыл жеткен. Сұлық жатқан 14 жастағы бала облыстық кардиологиялық орталыққа жеткізілген, оны ажалдан арашалай алмапты. Бұл туралы облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлімдеді.

Балақай қаладағы жаттығу секциясына өзі тұратын Дубовка кентінен келіп жүрген. Қазір оқыс оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тергеу басталды.

Жанатай Сембеков, Полиция департаментінің Мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының басшысы:

- Болған оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Оның қорытындысы бойынша жедел жәрдем мен жаттықтырушының әрекеттеріне құқықтық тұрғыдан баға берілетін болады.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу