Елімізде эпидахуал тұрақталып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде эпидахуал тұрақталып келеді

25.05.2021

Елімізде маусым-қыркүйек айларында 95 мыңға жуық адам коронавируспен ауруы мүмкін. Бүгін Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі елдегі эпидахуалды баяндап, індетке қатысты болжамдарын айтты. Ол қандай? Тілшіміз айтсын.

Елімізде эпидахуал тұрақталып келеді. Індет жұқтырғандар саны осы айда 20 пайызға азайған. Елдегі жағдайды айтқан министр ауруханадағы орындардың жартысынан көбі босады дейді.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:  
Мамырдың 5-інен бастап тәулігіне ауырғандардан гөрі, жазылып шыққандар басым. Ал 221 елдің ішінде ауру жұқтыру бойынша Қазақстан 104-орында. Өлім деңгейі бойынша 111-сатыдамыз. Сондай-ақ жаңа мутацияларды анықтау үшін генетикалық зерттеулерді жүргізіп келеміз. Мәселен, осы жылдың сәуір айында анықталған үлгілерді зерттеу кезінде «британдық» штам анықталды. Ал «үнді» штамы табылған жоқ.

Алексей Цой аурудың таралуына қатысты үш түрлі болжамын да жасады. Оның қайсысы орындалатыны азаматтардың екпе салдыруына байланысты дейді.  Егер вакцинаның тиімділігі 60% болса, маусым-қыркүйек айларында 95 мыңдай адам ауруы мүмкін. Ал тиімділік 80% болса, 69 мың, 95% болса, 61 мың адам вирус жұқтыруы мүмкін. Пессимистік болжамды болдырмау үшін премьер-министр екпе егу жұмыстарын арттыру керек деді. Әсіресе әкімдіктер үгіт-насихат жұмыстарын жандандыруы тиіс.

 Асқар Мамин, ҚР премьер-министрі: 
Коронавирусқа қарсы шамамен 3 млн-ға жуық екпе жасалды. Соның ішінде алғашқы компонентпен 2 млн-нан астам адам, екінші компонентпен миллионға жуық адам алды. Вакцина қорларын толтыру егу пунктерін арттыру бойынша шаралар қабылданып жатыр. Вакцинаның болуы-болмауы бойынша проблема жоқ. Қазір егу науқанын кеңейту пандемиямен күресте ең маңызды міндет болып табылады.

Сондай-ақ Ashyq жобасының қолданыс аясын кеңейту маңызды. Әрі Асқар Мамин қосымшаны вакцина паспортымен жедел интеграциялауды тапсырды.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу