Алматы облысында көпқабатты тұрғын үйдің төбесінен жасөспірім құлап кетті. Куәгерлердің айтуынша, үш бүлдіршін «Нұрия» тұрғын үй кешенінің төбесіне шығып ойнап жүрген. 11 жастағы бала екі үйдің арасындағы қуыстан секіремін деп, мерт болды.
Кеше кешкілік сағат бестердің кезінде үш ойын баласы дәл осы көпқабатты ғимараттың үстінде ойнап жүрген. Ары-бері секірген балалар жұқа қаңылтырды басқан бетте опырылып, құлдилап төменге бірақ түскен. Баланың денесін дәл осы жерден шығарып алыпты.
Марияхан Айтқұлова, көпқабатты үйдің тұрғыны:
Бір айдай болды люкты жап деп айттым. Қызым әкімдікке де хат жазды.
Тұрғындардың сөзінше, шатырға шығатын есік бүгін ғана жабылған. Бұған дейін мердігер компания да, әкімдік те үн қатпаған. Дер кезінде шара қолданбағанның кесірі осылай қайғылы аяқталды дейді.
Ғалымжан Бауыржанов, көпқабатты үйдің тұрғыны:
Ойын баласы ғой. Қашанға ата-аналар оны қадағалап жүреді. Шығып кетеді ашық тұрғаннан кейін.
Дәл осыған ұқсас жағдай екі ай бұрын Алғабас ықшам ауданында да болды. Ол кезде полиция қызметкері құлап кетті. Абырой болғанда дер кезінде операция жасалып, аман қалды. Тәртіп сақшысы үйдің төбесінде жүрген балаларды төменге түсірмекші болған. Содан бері екі ай өтсе де, нысан әлі күнге дейін ашық жатыр.
Талғат Алтаев, Алғабас ықшамауданының тұрғыны:
Қараусыз дүние. Ашық-шашық жатыр. Балалар ойнап кіреді. Кешегі Бесағаштағы жағдайдың болмасына кім кепіл? Сол үшін мынандай дүниелерді ескерусіз қалдырмаса екен деген үміттеміз.
11 жасар бала мерт болған үйдің құрылысы толық бітпесе де, тұрып жатқандар бар. Алматы облыстық полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек жеткіншектің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалып, сараптама тағайындалды. Оқиғаға кінәлі тергеу нәтижесінен кейін белгілі болмақ.
Қуан Нұрақын