1 шілдеден бастап елімізде аяқ киімдерді цифрлық таңбалау басталады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

1 шілдеден бастап елімізде аяқ киімдерді цифрлық таңбалау басталады

24.05.2021

1 шілдеден бастап елімізде аяқ киімдерді цифрлық таңбалау енгізіледі. Яғни таңбаланбаған тауарлар Қазақстан шекарасынан өте алмайды. Аяқ киім таңбалау қалай жүзеге асады? Тілші материалы.

Сапасыз аяқ киімнің салдарынан адам 12 түрлі кеселге душар болады екен. Ортопед маманның айтуынша, тексерілуге келген науқастардың 80%-ы дұрыс аяқ киім кимейді.

Болатбек Досанов, ортопед: 
Тірек-қимыл аппаратының аурулары әлемде 3-ші орында. Жаңағы тірек-қимыл буындарының бәрі табанбен тікелей байланысы бар. Қандай аяқ-киім киеді, соның бәрі әсер етеді. Жылдан-жылға науқастар көбейіп жатыр.

1 шілдеден бастап енгізілетін міндетті цифрлық таңбалау тауар сапасының артуына оң әсер етеді. Өндірушілер, импорттаушылар және бөлшек сауда дүкендері де арнайы ақпараттық жүйеге тіркеліп, Data Matrix кодын алады. Таңбаланбаған аяқ киімдерді сатуға 1 жыл ғана рұқсат беріледі.

Нұржан Баекеев, Цифрлық экономиканы дамыту орталығының басқарушы директоры:
Таңбалау жобасы әлемдік тәжірибелер көрсеткендей, көлеңкелі экономикаға қарсы бірден бір жақсы құрал болып табылады. Арнайы таңбалау үшін ақпараттық жүйе өндірілді. Бұл жүйеге әр кәсіпкер өз тауарының мәліметін енгізуі тиіс.

Цифрлық таңбалау -нарықты сапасыз және елге заңсыз әкелінген өнімдерден тазартуға көмектеседі. Сондай-ақ, отандық аяқ киім өндірушілердің ісін дамытуға серпін береді. Тауар құнының қымбаттауына да еш әсер етпейді дейді жауапты мамандар. Ал тұтынушылар Naqty Onim арнайы қосымшасы арқылы Data Matrix кодын сканерлеп, тауар туралы толық ақпарат алады.

Дастан Махамбетов, кәсіпкер:
Бізде импорттық тауарлар көбіне контрабандамен келеді. Сосын бағасы отандық өнімнен төмен болады. Сондықтан баға жағынан бәсекеге түсу қиын еді. Енді аяқ киім таңбалау басталса, барлық тауар рұқсатпен кіретін болса, біз сияқты кіріс салығын төлесе, бұл отандық тауар өндірушілер үшін тек оң нәтиже береді.

Аяқ киім таңбалау жобасы сәтті аяқталған соң, 2022 жылы фармацевтикалық препараттарды, алкоголь өнімдерін және жеңіл өнеркәсіп тауарларын міндетті цифрлық таңбалауды іске асыру да жоспарда бар.

Ақниет Балтанова, Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу