Басты Жаңалықтар Баласының өмірі үшін отбасы баспанасын сатылымға қойды

Баласының өмірі үшін отбасы баспанасын сатылымға қойды

Осылайша, ата-ана 4 жасар ұлының амандығы үшін жан ұшырып қаржы жинап жүр. Астаналық Нұрхаділ есімді өрен лимфома беркитта ауруына шалдыққан. Қатерлі ісіктің бір түрі. Оны шетелде емдеудің құны шамамен 53 млн теңге.

Мына көліктің түр-түрін шаң басып бұрышта тұрғанына біраз болды. Оның төрт жастағы иесі Нұрхаділ Түркияда ем қабылдап жатыр. Жуық арада елге оралмайтын сияқты. Анкара мемориал ауруханасына жатқызылғалы бір апта ғана өткен. Әкесімен телефон арқылы байланысқанда қазіргі көңіл-күйін жеткізді.

Балдырғанның сөзін анасы да қостап отыр. Ем-дом жеңіл тиіп жатқан жоқ. «Бірақ тәбеті ашылды»,-деп мәз.

Ойын баласы аты жаман ауруға кенеттен душар болды. Жеген тамағын құсып тастайды. Бастапқыда ата-анасы «ұшынған шығар», деп ойлаған. Алайда, лимфома беркитта, яғни ішек қатерлі ісігіне шалдығыпты. Содан «Ана мен бала» ұлттық ғылыми орталығына жатқызылды.  Онда химия терапияның жоғары мөлшердегі 6 курсын қабылдапты. Ота да жасалған. Дегенмен, дәрігерлер түбінде дәрменсіз екендерін ескертті.

Амандық Хибадатұлы, Нұрхаділдің әкесі:

- Қайтадан тексеруге жібердік. Бұл ісік қайтадан өсіп жатыр. Ісік қайта өскен жағдайда біз көмектесе алмаймыз. Өйткені, оны емдейтін протокол біздің елімізде жоқ, деді.

Сөйтіп, тұрғылықты мекенжайы бойынша паллиативті көмек көрсетілуі тиіс, деген қорытынды шыққан. Мұның мағынасы – ем қонбайтын науқастың өмірін жақсарту. Ал, ата-анасы баласын құлан-таза айықтырып алғысы келеді. Сол ізденістің жолында Түркиядағы аурухананы тапқан.

Амандық Хибадатұлы, Нұрхаділдің әкесі:

- Отандық дәрігерлер өз қолдарынан келгендерін аянып қалған жоқ. Рақмет. Біздің елде трансплантация жасалады. Бірақ менің баламның диагнозына трансплантация істелінбеген. Сондықтан, біз шетелдік клиникалардың, шетелдік дәрігерлердің практикасында кездесетіндіктен солардың көмегіне жүгіндік.

Қарапайым мұғалімдер үшін ем-дом құны қатты қымбат болып тұр. Шамамен 53 млн. теңгеден астам қаражат қажет. Жақын жуығы жұмылып бастапқы ем-домына қаржы жинап берген. Қалғанын қайырымды жандардан күтеді.

Қазақстанда емі жоқ ауру түрлері бойынша республикалық бюджет есебінен шетел клникаларында емдеуге арнайы қаржы бөлінеді. Нұрхаділге қойылған диагноз да солардың санатында болғандықтан, мамандар қазір шетелдердің осындай салаға бейімделген медициналық мекемелерімен келіссөздер жүргізіп жатыр екен. Олардың қатарында бүлдіршін жатқан Анкара мемориал ауруханасын да бар. Бірақ нақты шешім шыққанша қанша уақыт кететіні белгісіз. Сондықтан, қымбатқа түсетін ем-домға қол ұшын беремін деген қайырымды азаматтар экранда көрсетілген есепшотқа қаржы аударуына болады.

ХАЛЫҚ БАНК: 4402 5735 5823 5497

КАСПИЙ ГОЛД: 5169 4931 2574 0731

8 701 409 66 54

8 776 185 88 92 АМАНДЫҚ ХИБАДАТҰЛЫ

Нысаналы ЫҒЫЛ

Бөлісу