Сәуірге дейін 32 мыңнан аса жұп некеге тұрса, оның 4600-ге жуығы ажырасып кеткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сәуірге дейін 32 мыңнан аса жұп некеге тұрса, оның 4600-ге жуығы ажырасып кеткен

23.05.2021

Қазақстанда әрбір төртінші отбасының ажырасып кететіні туралы мәліметті жиі айтамыз. 10 жылдан кейін де бөлек кетіп жатады. Алаңдатарлық ахуал. Мамандар себептерін тізгенде, қате пайымдарға тоқталады. Мысалы, отбасы болудың не екені туралы түсінігі жоқ бойжеткендердің тұрмысқа шыққасын қалықтап өмір сүремін деген аңқау ойы, иллюзорлық әлемі. Жауапкершіліктің не екенін ұқпайтын жігіттердің «бір мәнісі болар» дейтін қамсыздығы. Үйлену де оңай, ажырасу да оңай. Қазір енді бұрынғыдай той жоқ шығар, дегенмен «керегесі кең, уығы берік, шаңырағы шайқалмайтын отау» тост-тілектерден тігілмейді.

Ұлттық құндылықтар, дәстүрлер, қыз бала тәрбиесі, ұл бала тәрбиесі туралы мың жерден айтсақ да, шынайы тіршілікте қандай көріністер көріп отырмыз? Мүмкін басқа да инструменттер қолдану керек шығар? Психолог деген қазір бізде «аңқау елге арамза молда» болып жүрген біреулерді еске түсіріп, онша жақсы қабылдана қоймайды. Ал негізінде нағыз маман көмектеседі – «психологқа психикалық жағынан проблемасы бар адамдар жүгінеді» деу қате.

Отбасындағы зорлық-зомбылық ол бір дерт. Тақырыпты Ақерке Бектас талдап көрді.

18 жыл отасқан күйеуі бола тұра тұрмыстың тауқыметін бір өзі тартқан Айкүн – 4 баланың жалғыз асыраушысы. Бейнеттен қашып, орынсыз жекіген жолдасының масылдығы шаңырағын шайқалтпай қоймады. 42 жастағы келіншек қазір дағдарыс орталығын паналап жүр.

Айкүн, Алматы қаласының тұрғыны:
Ажырасу оңай болған жоқ.  Ол жұмыс жасамайды. Программистік мамандығы бар. Бір жыл істесе, 2-3 жыл үйде жатып қалады. Еркек адамның үйде жатқаны да дұрыс емес екен. Өз жүйкесін не менен, не балалардан алып шығарады. 5:40 Мен жұмысқа шығып кеткенмін. Енді ол жұмыс істемегеннен кейін біреуіміз істеуіміз керек ғой. 6 адам тамақ ішеміз, киім бар.  Сонша білімді оқығаның не керек, баланы қалай дұрыс тәрбиелемеуді білмей отырсаң.

Ажырасуға бел буған келесі кейіпкеріміз – Нұржамал Қыдырбаев. Жылдар бойы жолдасының озбырлығын көрген әйел шыдамы шегіне жеткенін айтады.

Нұржамал Қыдырбаева, Алматы қаласының тұрғыны:
Солар «осыған ти, оның балалары болмаған. Сені балаңмен алады. Жақсы болып кетесің» деп. Жарайды деп, жаман адам емес шығар деп, сөйлесіп, балаңмен алады дегенге балаға да әке керек, бауыр бассын деп.  Қазір барғым келмейді оған. Көргім келмейді.

Әлеуметтанушының айтуынша, қазіргі қоғамда әйелдер әлімжеттік пен патриархалдық тәртіпке төзгісі келмейді. Араздасқан отбасының көбінде материалдық жауапкершілік тек әйелдің мойнында.

Ақнұр Иманқұл, әлеуметтанушы, «Рухани жаңғыру» ҚҚДИ отбасы институтын зерттеу орталығының сарапшысы: 
Әйелдер көбінде осы ажырасудың инициаторы болады. Оның себебі олар ары қарай отбасындағы міндеттердің тең бөлінбегеніне, баланы барлық салмақтың өзінің мойнына жүктелгеніне төзгісі келмей, бірінші болып ажырасуға өтініш береді.  Әйелдер ары қарай дамығысы келеді.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, былтыр 48 мыңнан аса отбасы ажырасқан. Әсіресе Алматы, Қарағанды және Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары. Отасқанына 1 жыл болмай жатып, шайқалған шаңырақ 2300-ден асады. Ал төрт жылға дейін бірге тұрған жұптардың 14700-ден астамы дәм-тұзы жараспай бөлек кеткен. Ажырасқандардың көбі 30-34 жастағы ерлер мен 29 жастағы әйелдер.

Ержан Мырзабаев, психолог: 
Бұрынғы кездерде отбасындағы қандайда бір ыңғайсыздық, ұнатпайтын жағдай, жағымсыз ситуацияда әйелдің айтуға батылы жетпейтін еді. Ал қазіргі таңда әйел жұмыс істеп жатыр. Ол тәуелсіз болып жатыр. Және отбасындағы жағымсыз жағдайларға өз пікірін білдіре бастады. Сөйлей бастады, айта бастады.  Бұны патриархалды санадағы, универсалдық құндылықтарды қабылдамайтын санадағы ер кісілер бұдан конфликт туындатып, зорлық-зомбылыққа барып, ажырасуға итермелеп жатыр десек болады.

«Арамыздағы мәселеге анасы араласты, тұрмысымызды туысы құртты» дегенді жиі естіп жүрміз. Енді ғана отасқан екі жастың ара қатынасына ата-ене мен туыстың араласуы – ажырасуға себеп келесі фактор.

Зүлфия Омарова, «Жансая» дағдарыс орталығының әлеуметтік қызметкері:
Осындай жағдайға қалай жеттіңіз, бұл жағдай қай кезден басталып жатыр десек, 10-11 жыл болды дейді. Яғни қазақи менталитет. Күттім дейді. Күйеуім өзгере ме екен, қайтадан отбасын сақтап қаламын ба деп, жүріп-жүріп осы жағдайға жеттім дейді. Енесіне шағым түсірген келіншектер де бар. Енесі күн бермейді. Шай ішетін кезде де балаларын түрткіштей береді. Ұра бастайды. Ондай жағдайда әйел адам шыдамаған. Тіпті енесі қол көтерген.

Сонымен бірге қазір құндылықтар өзгерген... Қалада өсіп, жоғары білім алған, мансап құрғысы келетін бүгінгінің бойжеткені отбасы құру, «келіннің міндеті» деген түсінікке мүлде өзгеше қарайды.

Жанар Нұрмұханова, әйелдерді қолдау орталығының директоры:
Уақыт өткен сайын, заман да өзгеріп жатыр ғой. Күйеуі, ата-енесі, басқа туған-туысқандары да әйелге көп шектеулер қояды. Әйелге жұмыс істеуге болмайды, әйел үйде отыру керек. Әйел, қыз-балалар оқымай-ақ қойсын. Ол ақыр аяғы күйеуге тиеді де отбасында отырады. Сондықтан көп әйелдер онымен келіскісі келмейді. Бізде қазір оқу жағынан қарайтын болсақ, әйел адамдар білімді. Сондықтан күйеуге тигеннен кейін олар ары қарай жұмысын істеп, ары қарай карьерасын жасауға тырысады.
 Ақерке Бектас, тілші:
Шаңырақ көтерудің шынайы сипатын түсінбеудің салдарынан ажырасып кеткен жұптар көп. Тұрмыс құрудың артында өзара мәмілеге келу мен жауапкершілік жататынына бойлай бермейтін бойжеткен мен жігіттер бар. Сандарды сөйлетсек, биыл cәуірге дейін 32 мыңнан аса жұп некеге тұрса, оның 4600-ге жуығы ажырасып кеткен. «Үйлену оңай, үй болу қиынның» астарына тереңнен үңілетін шақ туғалы қашан. Бірақ қоғамда отбасы институты құлдырап бара жатқандай.
 Ержан Мырзабаев, психолог: 
Статистикаға қарап отырып, отбасы институтының құлдырау үстінде екенін көруге болады. Және 27-30 жас шағында жалғыз өмір сүріп қалған адамдардың біреумен өмір сүруі қиын болып кетеді.
Жанар Нұрмұханова, әйелдерді қолдау орталығының директоры:
Адам үйлену үшін, отбасын құру үшін психологиялық дайын болу керек. Жастар кейде түсінбейді ғой.  Бірінші психологқа барыңыз, сөйлесіңіз, кеңесін алыңыз деп айтамыз. Көп адамдар ренжиді: мен ауру емеспін, неге психологқа жібересіздер,- деп.

Отбасы психологымен қатар, әлеуметтанушы ажырасуды азайту үшін тек осы проблеманы қарап, таразы басына салатын «отбасылық сот» құру қажет деп санайды. Сот дегенде бас салып ажырастырып беретін орган емес.

 Ақнұр Иманқұл, әлеуметтанушы, «Рухани жаңғыру» ҚҚДИ отбасы институтын зерттеу орталығының сарапшысы: 
Отбасындағы міндеттер қалай бөліну керек, отбасындағы жауапкершілік қандай, ананың, әкенің рөлі осыларды түсіндіру. Олар оған аса мән бере бермейді. Сондықтан отбасылық соттарды енгізу оңтайлы шешім болып табылады.
Айкүн, Алматы қаласының тұрғыны:
Адам жар таңдауда, мамандық таңдауда қателеспеу керек екен. Мектепте жалпы балаларға сондай тәрбиені беру керек екен. Одан кейін жастар үйленеміз деп неке куәлігін алып алады ғой. Өмірде қандай үлкен міндет тұрғанын білмейді.
 Зүлфия Омарова, «Жансая» дағдарыс орталығының әлеуметтік қызметкері:
Қандай қадамға баратын кезде адам «жеті рет өлшеп, бір рет кес» дейді. Адам ойлану керек. Ойланып барып, қадамға барса, отбасын сақтап қалуға, ажыраспауға болады деп ойлаймын.

Ақерке Бектас, Жазира Оразқызы


ажырасу отбасы

Хабарламаларға жазылу