Көкпардан Әлем чемпионаты басталды
Түркістанда көкпардан Әлем чемпионаты басталды. Дүбірлі додаға 9 елдің кіл мықты шабандоздары жиналды. Жарыс рухани астанада жаңадан салынған атшабарда өтіп жатыр. Алаңдағы тартыс пен бәсеке жайлы аймақтағы әріптесім Ернұр Уәлихан тарқатып айтады.
Ернұр Уәлихан, Тілші:
Көкпардан жаһандық жарыс Түркістан төрінде басталды. Әлемнің тоғыз елінен келген командалар алаңда өзара мықтыны анықтап жатыр. Бұған дейін дүниежүзілік дода 2017 жылы Астанада өтсе, араға 9 жыл салып Түркістандағы су жаңа атшабарда көкпардан әлем чемпионатының жалауы қайта желбіреді.
Әлемдік біріншілікке Ауғанстан, Қытай, Мажарстан, Моңғолия, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Түркия және Қазақстан құрамалары қатысып жатыр. Командалар топ-топпен жартылай финалдың жолдамасы үшін бағы мен бабын сынады.
Жанысбек Саев, бас төреші:
Екі топта бірінші және екінші орын алған командалар өзара «айқас» жүйесімен ойнап, финалға мүмкіндік алады. Бұрынғы жарыстарда команда бір рет жеңілсе, ақтық кездесуге шыға алмайтын. Ал бұл жолы бір рет сүрінген ұжымның финалға шығуға әлі де мүмкіндігі бар.
Топтық ойындар 20-наурызға дейін жалғасады. Ұлыстың ұлы күніне
орай жартылай финалдық және ақтық мәре ойындары өтеді. Жеңіс үшін аспан асты
елінің шабандоздары жанқиярлық көрсетті. Айтуынша әлемдік аламанға жоғары
дайындықпен келген.
Нұрболат Тәліпбайұлы, көкпаршы:
Өзіміз де жақсы дайындалып келдік. Осы жергілікті жылқыларды мініп жатырмыз, Қазақстан тарапы дайындап қойыпты. Бәрі дұрыс, ат құлағында ойнаған қазақпыз ғой, үйреніп кетеміз. Көптеген командалармен бұған дейін де кездескенбіз. Десе де, ең жақсы дайындалғаны - Қазақстан құрамасы болар деп ойлаймыз.
Көкпар десе делебесі қозатын көрермен үшін әлем біріншілігіне қырғыз ағайындардың келмеуі күтпеген жағдай болды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бір жарым ай бұрын барлық тарапқа шақырту жіберілген. Ал олардың жарыс жолына шықпауынан ешқандай саяси астар іздеудің қажеті жоқ, - дейді.
Данияр Қобыландин, Дүниежүзілік көкпар федерациясының президенті:
Барлығы 11 ел шақырылды, соның 9-ы келіп отыр. Командаларға сәттілік тілейміз. Кімнің мықты екенін жарыс көрсетеді. 120 ат пен 120 спортшының қатысуына, осы ипподромда спорттық сайыстарды кедергісіз өткізуге барлық жағдай жасалған.
Байрақты бәсеке ұлттық спортты дамыту мен дәстүрлі ойын түрлерін насихаттауға бағытталған. Жалпы әлем біріншілігінің жүлде қоры 30 миллион теңге.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы