Басты Жаңалықтар Америкалықтар асырап алған қазақ баласы елге оралды

Америкалықтар асырап алған қазақ баласы елге оралды

Бір жасында америкалықтар асырап алған қазақ баласы араға 20 жыл салып, елге оралды. Ол арнайы білім бағдарламасы арқылы Қостанай өңіріне келіп, оқушыларға ағылшын тілін үйретіп жүр.

Мәдина Нағашыбай, Тілші:

Америка мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қатынастың бекігеніне 30 жылдан асты. Оның ішінде білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастықтың көкжиегі кең. Мысалы,  мына мен тұрған орталықта 50-ден аса бала ағылшын тілін тегін үйреніп жүр.

Алекс Қазақстанға Америка елшілігінің қолдауымен жүзеге асқан Fulbright бағдарламасы арқылы былтыр келген. Жобаның негізгі мақсаты – шетелдіктерді  елге тарту арқылы бір жыл ішінде балаларға тілді тегін әрі оңай меңгерту. Ал ол бұл мүмкіндікті туған жерінің мәдениетімен танысып, ұстаздық жолда өзін шыңдау үшін таңдапты.

Алекс Дворниковский, шет тілін оқытушы:

Қазақстан қатты ұнады! Қазақ халқының қонақжайлығы мен жомарттығына тәнті болдым. Мен өскен Америка жерінде қазақтар көп болған жоқ. Сондықтан өз елім жайында білетінім аз еді. Туған жерімді көріп, танып жатқаныма қуаныштымын. 

Алекс 2001 жылы Жезқазған қаласында туған.  2-ге толмаған шағында Пенсильвания штатының Филадельфия қаласына мұхит асып, жыраққа кетті. Сол жерде ер жетті. Сондықтан есінде ештеңе жоқ.  Алайда тілім өзге болғанмен, тамырым – қазақ, қаным – қазақ дейді ол. Болашақта әлемгі әйгілі ЖОО-дың бірінде профессор болуды мақсат еткен. Орталық Азия мәдениеті мен тарихын ғылыми түрде терең зерттегісі келеді.

Алекс Дворниковский, шет тілін оқытушы:

Орталық Азия ғылым саласында әлі де терең зерттеуді қажет ететін тақырып. Өкінішке қарай әлі күнге дейін ағылшын тілінде дәйекті дерек табу қиын. Сондықтан болашақта мен бұны өзгерткім келеді.

Бүгінде ол студенттер мен оқушыларға түрлі форматта сабақ өткізеді. Орталықта тілді әр түрлі дейгейде меңгерген барлығы 4 топ бар.

Аруна Алматова, оқушы:

Мен негізі Назарбаев университетіне «Социология» мамандығына барғым келеді. Бүкіл әлемді аралап шыққым келеді. Ал саяхаттау үшін маған ағылшын тілі керек. Біз Алекспен бірге әртүрлі фильмдерді қараймыз. Сол фильмдер арқылы біз ағылшын үйренеміз.

Жырақта жүріп ержетсе де, туған жердің тарихы мен дәстүріне құрметі ерекше. Қазір ол қазақ тілін үйреніп, сол арқылы елінің салтын, болмысын тереңірек танып-білуге тырысып жүр. Бағдарлама мерзімі бойынша жазда Америкаға қайтуы тиіс. Алайда туған жердің топырағы қашан да ыстық, мен әлі ораламын дейді ол.

Бөлісу