Алматыдағы ірі жол апатына кінәлі Ильяс Кар 10 жылға сотталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыдағы ірі жол апатына кінәлі Ильяс Кар 10 жылға сотталды

20.02.2019

Екі аптаға созылған сот процесінде тараптар түгел тыңдалды. Тек апаттан аман қалған Айзада Сатыбалдиеваның жарақаты ауыр болғандықтан, куәгер ретінде шақырылмады. Ал, жәбірленушілер көлік жүргізушісінің қатаң жазалануын талап етті.

Атышулы іске қатысты сот отырысында мемлекеттік айыптаушы Ильяс Карды 8 жыл бас бостандығынан айыруды сұрады. Оның сөзінше, күдікті көлікті мас күйінде басқарып, оқиға орнынан қашып кеткен. Ал, айыпталушы ішімдік ішпейтінін айтып, ауруына қатысты жазаны жеңілдетуін өтінді.

Ильяс Кар, сотталушы:

- Кінәмді жартылай мойындаймын. Мас болды деген айыппен келіспеймін. Ол жерді тастап кету ойымда болған жоқ. Оқиға болғанда мен сол жерде жүрдім.

Алайда, сот барысында күдіктінің айтқан сөзін куәгерлер теріске шығарды. Ал, айыптау қорытындысын оқыған прокурор сотталушыға ішімдік ішкені туралы тағылған айыптарға дәлелдің жеткілікті екенін мәлімдеді.

Тимур Шомаи, мемлекеттік айыптаушы:

- Былтыр 29 желтоқсанда сотталушы Mitsubishi Galant көлігін бар екпінмен соққан. Сосын ол оқиға орнынан кетіп қалған. Оған Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-тармағы және 347-бап бойынша айып тағылды. Ол үш және одан да көп адамның өліміне соқтырған деген айыппен және оқиға орнынан кетіп қалу дерегімен жауапқа татылды.

Соңғы сот отырысына келген тілшілер үлкен залға зорға сыйды. Ал, екі апта тараптардың сөзін асықпай тыңдаған судья көпке созбай, бірден үкімді оқыды.

Роман Селицкий, Алмалы аудандық сотының судьясы:

- Қылмыстық кодекстің 345-бабы бойынша 10 жылға бас бостандығынан айырылсын. Сонымен қатар, 7 жылға көлік тізгіндеу құқығы шектелсін.

Енді айыпталушы жазасын қауіпсіздігі төмендетілген мекемеде өтейді. Сонымен қатар, судья 34 жастағы Ильяс Карға зардап шеккен төрт отбасының әрқайсысына 3 млн теңге моралдық шығын төлеуді міндеттеді.

Естеріңізде болса, бұл жантүршігерлік оқиға 29 желтоқсанда Абай даңғылы мен Сейфуллин көшелерінің қиылысында болған. Бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кеткен Gelandewagen қатты жылдамдықпен Galant көлігін соғады. Соның салдарынан үш адам, белгілі актриса Шолпан Ғабдулмулинова, Динара Хамитова және көлік жүргізуші Бақытнұр Құнапиянұлы қайтыс болды. Ал, бір адам ауыр жарақатпен ауруханаға түскен еді. «Сол жол апатынан аман қалған, актриса Айзада Сатыбалдиеваның жағдайы қазір бірқалыпты», - дейді дәрігерлер.

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу