Қос мерейтой: Қазақ пен қырғыз тәуелсіздігіне – 30 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қос мерейтой: Қазақ пен қырғыз тәуелсіздігіне – 30 жыл

30.04.2021

Биыл – Қазақстан мен Қырғыз Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығы. Қос мерейтойға орай екі ел бірлескен ауқымды шаралар өткізуді көздеп отыр. Қазір бұл бағытта арнайы мәдени жоспар та түзілген. Халықаралық ақындар айтысы ұйымдастырылып, әлемдік бәйгеде бауырлас елдердің ұлттық ойындары дәріптеледі. Қырғыз астанасына арнайы барған әріптесім Жазира Оразқызының репортажы.

Екі елдің егемендік мерекесі елеусіз қалмайды. Мерейтойдың арнайы іс-жоспары да бекітілген. Күз айларында Қырғызстанда Қазақстанның мәдениет күндері ұйымдастырылады.

Қайрат Иманалиев, Қырғыз Республикасы Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрі:
Тәуелсіздіктің 30 жылдығы – екі мемлекетке тең. Бірлескен концерт өткіріледі. Қырғыз-қазақ әндері, ырлары жаңарып, достықты бекемдейтін концерт болса дейміз. Сосын ақындар айтысы өтеді.

Екі елдің бекзат өнерін дәріптеп жүрген Садық Шер-Нияз халықаралық қазақ-қырғыз айтысын жыл сайын өткізуді дәстүрге айналдырған. Қоғам қайраткерінің сөзінше, мәдени мұра – берік достықтың дәнекері.

Садық Шер-Нияз, Қырғыз Республикасы қоғам қайраткері, кинорежиссер:
«Бектер кетеді, бел қалады, бетеге кетеді, ел қалады», - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Керек болса, біз де кетеміз, қырғыз бен қазақ қалады деді. Жамбыл мен Тоқтоғұлдың, Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматовтың достығын қараңыз. Біреуі аға, біреуі іні болып, бір-бірін қолдап, бүкіл дүниеге атағы шықты қазақ пен қырғыздың.
Жазира Оразқызы, тілші:
Қазақтың ақиық ақын М.Жұмабаев: «Қырғыз – таудың тарпаңы, қазақ – қырдың құланы»,- деп қос халықтың берік байланысын көркем бейнелеген. Бүгінде екі мемлекеттің рухани-мәдени байланысының көкжиегі кеңейіп келеді. Соның бір дәлелі - Абай атындағы қырғыз-қазақ мәдени орталығы.

Алыкул Осмонов атындағы ұлттық кітапханада британ, араб, түрік, неміс сынды 17 халықтың орталығы бар. Ал 4 ай бұрын ашылған біздің «Абай» ғимараттың басты бөлігінде орналасқан.

Жылдыз Бакашова, А.Осмонов атындағы ұлттық кітапхана директоры:
Бүгінгі күнде Абай атындағы борбор /орталық/ Ұлттық кітапханадағы ең популярлы, ең актуалды борбор болып отыр. Себебі, көптеген іс-шаралар өтіп жатыр.

Қырғыз-қазақ орталығының басты мақсаты да сол – тамырын тереңге жайған тамырлас елдердің өткені мен бүгінін жастарға өнеге ету.

Қадыралы Қоңқобаев, түрколог ғалым, профессор:
Мемлекеттеріміз қаншалықты қуатты болса, өзара интеграциясы, байланыстары қаншалықты мықты, дүниеде өз орнын табады. Қазақстанда мен 4 жыл жұмыс істедім. Қазақстан мемлекетінің қуатын көрдім.

Қос мерейтой қарсаңында Бішкек төрінде ұлы ойшыл Абайдың еңселі ескерткіші орнатылады. Ал ендігісі Қазақстан астанасында Манас пен Шыңғыс Айтматовқа арнап қойылмақ. Бұл құрмет – ұлы тұлғаларға деген тағзымды білдірсе керек.

Қайрат Иманалиев, Қырғыз Республикасы мәдениет, спорт, жастар ісі министрі:
Шыңғыс Айтматовтың да бір сөзін айтып қойғым келеді: «Қазақ-қырғыз – бір ел, екі мемлекет»,-деп айтқан. Тәуелсіз мемлекет болғанымыздың 30 жылдығы құтты болсын. Қазақ халқын құттықтаймыз.

Жазира Оразқызы


Хабарламаларға жазылу