Түркістан облысында жаңа төселген асфальт үгітіліп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында жаңа төселген асфальт үгітіліп жатыр

28.04.2021

 Қазынаның 2 жарым миллиард теңгесі желге ұшқалы тұр. Түркістан облысындағы Шарапхана мен Жаңабазар ауылының аралығына салынған асфальт аяқталмай жатып, үгітілуде. Тірлікті көзбояушылықпен атқарған мердігер компания күре жолдың үстіне қалыңдығы шынтақ елі шағатын жабынды төсеген. Оның өзі битумы «қасықтап» қана қосылғандықтан бір-біріне жабыспайтын сапасыз қоспа.

Ғани Қалмаханов, тілші:
Жаңа төселген асфальт ауыр техника тұрмақ, жаяу жүргіншінің салмағының өзіне шыдас бермей осылай кертіліп жатыр. Ал оның құрамындағы қиыршық тас түсін өзгерткені болмас сол күйі басы бірікпеген.

Шетін көтерсең шиыршақтала кететін асфальт осыдан бес күн бұрын төселген. Зауыттан әкелемін дегенше қызуы басылып қалған қоспаны құрылысшылар сол күйі жая салған.

Бақытжан Жұмалиев, ауыл тұрғыны:
Ауылда қазір газ кеп тезек аудармайтын болдық. Қазір асфальт аударып ойнап жатырмыз. Мұның өзін бір қыс батпақта жүрдік жолымызды қазып тастап. Одан кейінгі бітіп жатқан жол осы. Қуаныш ұзаққа бармады.

Қуаныш күткен жұрт қазір асфальттің қалыңдығын көріп ашу-ызаға булығып жүр.

Жаңабазар ауылы тұрғындарының жаңа жолды күткеніне биыл екінші жыл. Аудан орталығы мен Шымкентке қатынаған жұрт 2-3 шақырым шаңы аспанға көтерілген айналма жолмен жүруге мәжбүр.

Істің сапасыздығына, жұрттың жанайқайына қарамай іркіліссіз жұмыс істеген құрылысшылар енді бар кінәні асфальт дайындайтын зауытқа артып отыр. Оның өзі мердігердің меншігіндегі өндіріс орны.

Әбдімомын Нарқожаев, мердігер компанияның өкілі:
Құрамы дұрыс келмеген соң үстінен каток жүрген соң езіліп, етегі шетке шығып кетті. Құрамы дұрыс емес. Заводты тоқтатып, мынаны қайта бұзуға шешім қабылдадық.

Жолды жонып, табысын еселемек болған мердігер су жаңа асфальтті қайта бұзуға кірісті. Қадағалаушы орындар жұқа төсенішті сырып тастап, қайта төсеуді міндеттеді. Жоба бойынша жұмыс осы жылдың қыркүйегінде аяқталуы тиіс. Бірақ көпшілік бір істі екі қылған мердігердің үнемшілдігінен шошып, жолды салып біту мерзімі созылып кете ме деп сезіктенеді.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу