Атырау облысында малын іздеп шығып, жоғалып кеткен ауыл тұрғынын құтқарушылар үшінші күні тапты. Көлікпен 70 шақырым жердегі қыстаққа барған азамат ауа райының қолайсыздығынан үйіне қайта алмаған. Кейін із-түссіз кеткен тұрғынның туыстары құтқарушыларға хабар беріпті. Сол күні кешке іздестіру шаралары басталып, ақтүтек боранға байланысты іздеу доғарылған. Ертесіне қаладан тікұшақ шақыртылып, қар құсауында қалған малшы құтқарылды.
Нұрлыбек Тұрғалиев, облыстық ТЖД бөлімшесінің бас маманы:
- Жер бетімен іздестіру жұмыстары өз нәтижесін бермегендіктен, Атырау қаласынан МИ-8 МВТ тікұшағы 4 адамдық экипажбен, Төтенше жағдайлар департаментінен 1 адам және «Батыс» өңірлік аэроұтқыр жедел-құтқару жасағынан 2 құтқарушы ұшып, азамат Дінбаевты тауып, Жарсуат ауылына жеткізді. Денсаулығы бірқалыпты, медициналық көмекке мұқтаж емес.
Жандос ТЕМІРҒАЛИ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.