«Miras» алаңында отандық кинематографияның жай-күйі талқыланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Miras» алаңында отандық кинематографияның жай-күйі талқыланды

23.04.2021

Мемлекеттік тілдегі фильмдер аз, сұраныс та төмен. Тіпті, кино туралы арнайы заң қабылданғанымен саладағы жұмыстар көңіл көншітпейді. Бүгін «Nur Otan» партиясы жанындағы «Miras» республикалық қоғамдық кеңесі осындай мәселе көтерді.

Қазір қазақ тілді білікті сценаристер тапшы, кино-драматургия ақсап тұр. Аударма сапасыз. Кинотеатрлар мемлекеттік тілде фильмдер көрсетуге құлықсыз. Тізе берсе түйткіл көп. Алдымен «Қазақфильм» жанынан іргелі дубляж студиясын жасақтау керек. Бәрі қайта заңға тіреледі.

Әлібек Әлденей, «Nur Otan» партиясының хатшысы:
Киноматаграфия заңына өзгеріс енгізу жылдың соңында желтоқсан айында тұр. Біздің сайлауалды бағдарламамызға сәйкес, ол заң биыл қабылдануы керек. Жұмыс тобы шеңберінде қыркүйек қазан айларына ауыстыруларыңызды сұраймыз.

Яғни, кез келген фильмді елде көрсету үшін қазақ тіліндегі дубляжын немесе түпнұсқасын талап ету керек. Сондай-ақ ұлттық фильм санатына жататын киноларды прайм таймға қою сияқты мәселелерді шешу көзделген.

Ақтоты Райымқұлова, ҚР Мәдениетр және спорт министрі:
Жалпы үкіметтің заң жобалау кестесіне Мәжіліске де кіреді, Үкіметке де кіреді. Сондықтан заң жобалау жоспары бойынша осы уақытқа тұр. Егер Мирас кеңесінің ұсынысы болса қарастыруға дайынбыз.

Заңда ел аумағында фильмдер шығарып, ұлттық картиналарды прокаттауға салықтық жеңілдіктер де қаралған. Мұндай қолдауға біздің және шетелдік бизнесмендер де ие бола алады. Кеңестегі кезекті мәселе – Тәуелсіздік мерекесін мәнді атап өту. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева шаралар кешенімен таныстырды. Соның бірі «Qazaq Epos» республикалық ағарту жобасы. Авторы «Тұлпар мініп, ту алған» байқауының жетекшісі Арман Абдоллаев.

Раушан Сайлауқызы


Хабарламаларға жазылу