3 млн қазақстандық тегін медициналық көмектен шет қалған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

3 млн қазақстандық тегін медициналық көмектен шет қалған

21.04.2021

Елдегі жұмыс істеуге қауқарлы 7 млн тұрғынның 3 млны тегін медициналық көмектен шет қалған. Олар өзін өзі жұмыспен қамтығандар және жұмыссыздар. Бұл азаматтар емханаға тегін қаралу үшін, ай сайын жарна төлеуі тиіс. Оның үстіне биыл дәрігерге тегін қаралғысы келетіндер өткен жылдың да ай сайынғы жарнасын аударуы тиіс. Бұл халықтың қалтасына әжептәуір салмақ әрі дер кезінде медициналық көмек алуына кедергі.

Лида Жақыпованың қызын емхана қабылдамай қойған. Себеп - сақтандырудың жоқтығы. Бірақ ай сайын ақша аударған едік деп түсінбей дал. Саудагер ананың өзі де үзбей жарна төлейді. Былтырдан бері тауардан түсім аз, келуші бірең сараң. Жалдау ақысы, салығы бар, оған сақтандыру қоры қосылды.

Елдегі 19 млн-ға жуық тұрғынның 84 пайызы емханаға тегін қаралады. Оның 11 млн-нан астамы жеңілдік санатына кіретіндер. Ал жұмыс істеуге қауқарлы 7 млн қазақстандықтың 3 млн-ы медициналық қызметтен шет қалған. Олар тегін қаралу үшін 2020 жылдан бастап қорға айына шамамен 3000 теңге аударуы тиіс.

Гүлдара Нұрымова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Егер осы сақтандырылмаған адамдардың біреуі биыл медициналық көмек алғысы келсе, ол өткен жылға да жарна аударуы тиіс екен. Бұл жұртқа жеңіл емес. Кей ауруханалар сақтандыруың жоқ деп шұғыл келген науқастан бас тартып жатыр. Салдарынан халық медициналық көмекті уақтылы ала алмай жүр. Мұның соңы асқынған ауруларға, өлім жітімге алып келеді.

Депутат пандемия кезінде осы 3 млн тұрғынға жеңілдік қарастырылу керек деп есептейді. Алайда сақтандыру қоры мұндай мүмкіндіктің былтыр берілгенін айтады. Мәселен, өткен жылы табыссыз қалғандар сәуірдің 1-інен 31- желтоқсанға дейін жарна аударудан босатылған. Олар осы жұмыссыз қалған айлары үшін жарна төлемейді.

Ақтолқын Сұлтанова, МӘМС қоры департаментінің бас маманы:
Бес айында 42500 алған жағдайда қалған жеті айына төлеуі тиіс. Бұл азаматтар егерде 3 ай қатарынан бірыңғай жиынтық төлемі болған жағдайда, біз ол азаматтан 12 айға талап етпейміз төлеуін.

Жалпы 3 млн адамның 1млн 800 мыңнан астамы қорға қаражат аударған. Халық әсіресе былтыр 42500 теңге берілген кезде белсенділік танытыпты. Бірақ, оның тек 155000-ы ғана бірыңғай жиынтық төлемді тұрақты түрде аударып келеді. 84000-ы жарна аударудың нәтижесінде тегін медициналық көмек алды.

Раушан Сайлауқызы, тілші:
Ал депутат айтқандай өткен жылға төленетін жарнаны алып тастау мүмкін емес дейді мамандар. Себебі, сақтандыру қорының ережесі сондай, қорға бірде бір рет ақша аудармаған жандар биыл дәрігерге қаралғысы келсе былтырғы 12 ай үшін жарна төлеуіне тура келеді. Төлемесе мойнында берешек боп қала береді. Бұл қағида өзгере ме жоқ па, оны денсаулық сақтау министрлігі мен үкімет шешеді. Бір ескеретін жайт, аяқ асты ауырып, шұғыл көмек керек болса кез келген Қазақстан азаматы тегін медициналық көмекті алуға құқығы бар.

Раушан Сайлауқызы


Хабарламаларға жазылу