Ақсуда тауарлы сүт фермасы заңсыз салынған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақсуда тауарлы сүт фермасы заңсыз салынған

20.04.2021

Павлодардың іргесіндегі шағын шаһар - Ақсу әкімшілігі қарамағындағы жер қатынастары бөлімімен соттасып жатыр. Бұған аймақтың экс-әкімі Болат Бақауовтың туыстары салған тауарлы сүт фермасы себеп болды. Яғни, олар қала ішіндегі жерді заңсыз алған. Шаһардың тап ортасында тұрған фермаға тұрғындар да наразы. 

Күн жылынғалы Ақсудың тұрғындары далаға шығудан қалған. Әсіресе батыс жақтан жел соқса болғаны, қолаңса иіс алып кетеді дейді олар.

Ертай Ақжол, қала тұрғыны:
Бір жылдың көлемінде иіс пайда болды. Оны бәріміз білеміз қайдан келіп отырғанын. Бұрын болмаған. Осы ауданда тұрғаныма 5-6 жыл болды. Малдың иісі.

Тауарлы сүт фермасы екі жыл бұрын қаладағы автобаза аумағынан ашылды. Қазір мұнда 600 бас сиыр бар. Қаланың ішінде ферма салынғанына аң-таң болған тұрғындар әкімшілікке хат жолдап, наразылықтарын жеткізген.

Ерғанат Камилов, қала тұрғыны:
Бұрынғы әкімге хат жаздық. Ешқандай нәтиже болған жоқ. Ешкім ештеме айтып, бізге жауап берген жоқ. Республикалық сыбайлас жемқорлық агенттігіне жаздық, жергілікті тұрғындар атынан.

Осыдан кейін жақында қалалық прокуратура Ақсудың қазіргі әкіміне құрылыс кезінде заңсыздықтарға жол берілгені жөнінде хабарлама жіберіпті.

Ажар Жүсіпова, ауданаралық мамандандырылған экономикалық сотының баспасөз хатшысы:
Экономикалық сотына Ақсу қаласының әкімі Ақсу қаласы жер қатынастары бөліміне «Крон Агро» шаруа қожалығы ЖШС-не жер учаскелерін жалға беру шарттарын жарамсыз-деп тану туралы талап-арызымен сотқа жүгінді. Сот талап- арызды өндіріске қабылдап, азаматтық іс қозғады.

Анықтай келе, сауын сиырлар фермасы салынған жерді пайдаланудың бастапқы нысаналы мақсаты заңсыз өзгертілген болып шықты. Яғни, жер телімдерін жалға беру жөніндегі комиссия санитарлық аумақта мал ұстауға рұқсат бермеген. Бірақ сол кездегі қала әкімі өзім білдімге салып, заңсыз шешім шығарған.

 Асқар Астаев, Ақсу қалалық әкімшілігінің мемлекеттік құқық бөлімінің басшысы:
Қалалық жер беру жөніндегі комиссия шешімі мен қала әкімінің қаулысы арасында қарама-қайшылық болып тұр. Яғни, жер беру комиссиясы қарсы шешім қабылдаған. Бірақ оған қарамастан қала әкімдігінің қаулысы қабылданған, қанағаттандыру жөнінде, жер телімінің нысаналы мақсатын өзгерту жөнінде.

Қаулыны жоюдың жалғыз жолы - сотқа жүгіну. Ақсу әкімшілігі енді өз-өзімен соттасады. Бір қызығы құрылыс жүргізуге сол кезде қарсы болғандар жұмыстан шығарылған. Олардың арасында қала архитекторы бар. Ал, тауарлы сүт фермасы құрылтайшыларының бірі экс-әкім Болат Бақауовтың туысы. Егер экономикалық сот қала әкімінің талап-арызын қанағаттандыратын болса, заңды белден басқан мемлекеттік қызметкерлер қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкін.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу