45 жыл трактор тізгіндеген ана - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

45 жыл трактор тізгіндеген ана

16.04.2021

Түркістан облысының Төрткүл ауылында тұратын Гүлшат Өмірбекова жасы 60-қа келсе де әлі күнге трактор тізгіндеп, шаруашылықтың бар жұмысын ер азаматтардан қалыспай тең атқарып жүр. Қазір түстікте қайнаған еңбектің шағы. Механизатор апа таңмен таласа тұрып трактормен жер жыртады. Келесі алқапта трактордың арқасындағы тіркемесін ауыстыра сап егін себеді, дақыл егеді.

Таңертеңгі шәйін ішіп болса сап, тракторын төңіректеу Гүлшат апаның күнделікті әдеті. Техниканың май-суын тексеріп алған соң от алдырып, бірден егіс даласына бет алады.

Бүгін ол егіске төрт доңғалақты тракторын мініп шықты. Өйткені 2-3 күн бұрын жыртқан жерін бүгін қопсыту керек. Істі жылдамдатпаса күн ысыған соң топырақ кесек боп қатып қалады. Сондықтан жердің ылдиы мен өрін іштей бағамдап алып, бірден іске кірісіп кетті.

Гүлшат Өмірбекова, механизатор: 
Жер ананың жұмысы қиын. Егесің, екі құлақ болып қалады жаңбыр жауады, күн суытады. Ұрып кетеді. Қайтадан бастаймыз жұмысты. Күзде де солай өнім жинағанда. Барлық операцияның өз қиындығы бар.

 Механизатор апаның қазір жекеменшік 2 тракторы бар. Тіркемелері де сақадай. Трактор руліне 16 жасар бойжеткен кезінде отырған ол орақ кезінде комбайнды да жүргізеді, сазды жерде шынжыр табанды техниканы да шырқ үйреді. Науқан кезінде ақысына шаруа қожалықтарының жұмысын істеп береді. Бұзылғаны техниканы заматында өзі жөндеп алады.

Қалмахан Тоқсанбаев, шаруа: 
Бұл қыз қолдан қолға тимейді шынын айтсам. Науқан кезінде кезекке тұрады. Өйткені сапалы жасайды. 4-5 сантиметр арақашықтықты сақтап культивация жасау екінің бірінің қолынан келмейді. Әйтпесе механизатор деген көп.

Орта мектепті аяқтаған соң жоғары оқу орнына түсудің сәті түспеген. Кеңшарда механизатор жетіспейді деген соң көп ойланбай сонда барған. «Алғашында жүрексіндім. Екі жылдай қиналғаным рас», -дейді өзі. 15 жылдай кеңшардың трактор-комбайнын айдап жүріп, еңбек озаты атанды. Бірнеше рет аудандық советке депутат болып сайланды.

 Гүлшат Өмірбекова, механизатор:
 Еркекпен қатар жұмыс істегенді жақсы көремін. Әйел мен еркек бірдей жұмыс істеуі керек. Айырма болмау керек. Сондайды жақсы көремін.

Еңбекқор апа үйден гөрі тракторға мінгенде кең тыныстап, рахаттана демалатынын айтады. Көктемнің ызғарлы суығында жерге сіңірген дәннің жайқалып, желек жайып өсіп келе жатқанын көргенде көңілім тасиды. Шаттанып-қуанымын,-дейді ол.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу