Қарағандыда автобус екі адамды қағып кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағандыда автобус екі адамды қағып кетті

09.01.2019

Қоғамдық көлік жылдамдығын төмендетіп үлгермей, жаяу жүргінші жолағынан өтіп бара жатқандарды соққан. Соның салдарынан, дене жарақатын алған бір азамат облыстық медициналық орталыққа жеткізілді. Қазір жағдайы қалыпты. Аяғын көлік жаншып өткен тағы бір азамат Мақажанов атындағы аурухананың шұғыл операция бөліміне түскен. Дәрігерлер оның аяғын ампутациялауға мәжбүр болды. Ал, «НЕФАЗ» автобусын тізгіндеген 50 жастағы жүргізушісінің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. 

Берік Төлеубаев, Мақажанов атындағы аурухана директорының орынбасары:

- Өте ауыр жарақат алған. Біз кеше төрт сағаттай операция жасадық. Балтыр сүйектерінің жоғарғы үштен бір бөлігін ампутацияладық. Науқас операциядан кейін жансақтау бөлімшесіне ауыстырылды. Қазір жағдайы тұрақты.

Жанатай Сембеков, облыстық ІІД Мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының басшысы:

- Аталған жол-көлік оқиғасы бойынша тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қорытындысы бойынша тиісті шешім қабылданатын болады. 

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу