Шаруалар «Алтын сақа» бағдарламасының жоспарлы жүзеге асып жатқанына сенбейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шаруалар «Алтын сақа» бағдарламасының жоспарлы жүзеге асып жатқанына сенбейді

13.04.2021

Түркістан облысы Төле би ауданының шаруалары аймақта «Алтын сақа» бағдарламасының жоспарлы жүзеге асып жатқанына сенбейді. Олардың айтуынша ветеринариялық қызмет пен жергілікті билік малды асылдандыру ісін тек қағаз жүзінде жүргізіп, мемлекет қаржысын бас пайдасына жаратып келеді. Шаруа қожалықтарының арыз-шағымынан кейін құзырлы орындар бұл іске тексеріс жүргізе бастады.

Ауылдың статистикалық көрсеткішіне енген мәліметті ветеринария бекетінің меңгерушісі осылай жоққа шығарумен әлек. Құжат бойынша былтыр 612 қойды асылдандыру ісі жүрген. Оның әр басына мемлекеттен 3 мың теңгеден субсидия берілген. Мал иесі қойларын өндірістік кооператив аумағына жаю туралы рұқсат құжатын да рәсімдепті. Бірақ, кооператив төрағасының келісімінсіз, жалған әзірленген.

 Ғалымжан Ибрагимов,  Өндірістік кооператив төрағасы:
Ауылдың төңірегінде ондай 600 бас малды мен осы кезге дейін көрген емеспін. Ол дәл біздің тұтыну кооперативіміздің жеріне жайылады. Қарап тұрсаң 20 млн заңсыз алған. Менің сыртымнан айналып өткен. Яғни мемлекетті тонаудан басқа ешнәрсе жоқ.

Ветеринария бекеті жоқ деп бет бақтырмаған асыл тұқымды қойлар ауыл әкімінің есебінде жүр. Әкімнің айтуынша иесі сатып алғанына жарты жыл болмай жатып, қайта сатып жіберіпті.

Мақсат Жұмабаев, Алатау ауыл округінің әкімі:
Малымды сатып жібердім деп иесі осындай уәж айтып отыр. Бұл мәселе бойынша құзырлы мекемелер тексеру жүргізіп жатыр. Алдағы кезде анықтайтын болады.

Ал Қоғалы ауылындағы малдың санын естіген жұрт естен тана жаздайды. Аудан бойынша 97 мың қой болса, ауылдыкі соған пара-пар. 75 мың. Онымен қоймай аудандағы ірі қараны асылдандыру үшін әкелінген асыл тұқымды бұқалардың барлығы осы Қоғалыға тіркеліпті.

Марат Меңлібеков, Төле би ауданы ветеринарлық қызмет МКК басшысы:
Анық айта алмаймын. 400-500 бұқа әкелінді асыл тұқымды. Соның бәрін қосты да 1-2 айдан кейін қайта алып кетті.

Бірақ малмен жан баққан ауылдан осыншама бұқадан асыл тұқым алып қалдық дегенді кездестірмедік.

Анарбай Орынбеков, Диқанкөл ауылының тұрғыны:
Бұл жерде қолдан қашырып, малды асылдандырған емес. 

Осыдан екі жыл бұрын Төле би ауданы малды асылдандыру ісі бойынша облыста өткен «Алтын күз» мерекесінде бас жүлдені иемденген болатын. Егер шаруалардың күмәні расталатын болса, жүлдегердің жалған әрекеті әшкере болмақ.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу