Алматыға 424 мың доза вакцина жеткізіледі. Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше сәуір айының басынан 50 мыңға жуық адам екпе алған. Оның 12 мыңнан астамы екі компонентін салдырған. Көбі мұғалімдер, дәрігерлер, құқық қорғаушылар мен мемлекеттік қызметкерлер. Кеше мегополиске вакцинаның бесінші және алтыншы траншы жеткізілді. Шаһарда барлығы 200-ге жуық вакцинация пунктері ашылды. Олардың 20-сы ойын-сауық орталықтарында орналасқан. Тағы да 50 орталық ашу жоспарланған. Егу кабинеттері барлық санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай жабдықталды. Вакцинацияны бастауға қаланың санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті рұқсат берген. Барлығында жоспарлы немесе жедел түрде екпе салдыруға болады.
Гүлнәр Ысқақова, «Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы» филиалының директоры:
Егер вакцина салдырғыңыз келсе, поликлиникаға барып тіркелудің қажеті жоқ. Egov.kz порталына кіріп алдын ала жазылсаңыз болады. Ал электронды үкіметке тіркеле алмайтын азаматтар болса, емхана мен басқа да екпе салу орындарына жеке куәлігімен келсе болады.
Қуан Нұрақын