Алдағы 20 жылда елімізде су тапшылығы сезілуі мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алдағы 20 жылда елімізде су тапшылығы сезілуі мүмкін

07.04.2021

Алдағы 20 жылда елімізде су тапшылығы сезілуі мүмкін. Мәжіліс депутаты Файзолла Каменов осылай деп, Үкіметке сауал жолдады. Оған себеп шекаралас елдермен ортақ салынатын су бөгеттері. Мәселен, Ресей Жайық су бөгетін салуды жоспарлап отыр. Онсыз да 12 су бөгеті салынған өзеннің суы қазір азайып қалды. Қытаймен арадағы су мәселесі Ресей және Қырғызстанмен салыстырғанда әлде қайда күрделі. Іле мен Ертістің суына Нұр-Сұлтан, Өскемен, Семей, Павлодар, Қарағанды, Балқаш өңірлерінің тағдыры тікелей байланысты. Бұл екі өзенді де арнасынан бұрып алу, бөгет, электрстанцияларын салу мәселелері бүгін де өзекті. Мәселен, Қытай Іле өзенінің бойына 15 су қоймасын және 59 суэлектр құрылғысын орнатып, жыл сайын Іледен 15 текше шақырым су алуда. Сарапшы экологтардың болжамынша, егер Бейжің Іле суын пайдалануды тағы 10 пайызға көбейтсе, онда Балқаш екіге бөлініп, Арал теңізінің тағдырын қайталауы мүмкін деген ақпарат бар,-дейді депутат.

Файзолла Каменов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: 
Солтүстіктегі көршілеріміздің бастамасы, Батыс Қазақстанның экологиялық қауіпсіздігіне кері әсерін тигізбей ме? Қазақстанның су қауіпсіздігі мәселесі қалай шешілуде? Қазақстан үшін су қауіпсіздігі, судың тапшылығы алдағы 10-20 жылда алдыңғы қатарға шығатыны анық. Оны шешу үшін қандай да бір әрекеттер жасалып жатыр ма, жоқ әлде болашақтың еншісіне қалдырды ма ол жағы белгісіз. Құрметті Асқар Ұзақбайұлы жоғарыда баяндалғанның негізінде, сізден осы депутаттық сауалды қарап, Үкіметтің осы проблемаларға қатысты ұстанымын көрсетсеңіз.

Раушан Сайлауқызы


Хабарламаларға жазылу