Жауын салдарынан Алматы көшелері суға толды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жауын салдарынан Алматы көшелері суға толды

01.04.2021

Алматыда соңғы тәуліктерде жауған қар аралас жаңбыр тұрғындарды әбден әбігерге салды. Арықтың жетіспеушілігінен көшелер суға толып, көлік қозғалысы қиындады. Әсіресе, қаланың шет аймақтарындағы жағдай қиыні. Тұрғындар көшеге шығудан қалдық дейді. 

Бұл кеше ғана арнайы техникамен судан тазартылған көшелердің бірі. Алайда толассыз жауған жаңбырдан қайта толып кеткен. 

Қуан Нұрақын, тілші:
Бұл әкімдік судан тазартылып жатыр деген Аралқұм көшесі. Суға толған көшеден аяқ алып жүру мүмкін емес. Тұрғындар жылда өз күштерімен қапқа құм толтырып, бөгет жасауға мәжбүр.

Тұрғындардың айтуынша, мұндай кезде талай көлік су ортасында қалады. Жаяу өту мүмкін емес. Ал балалы келіншектерге үйіне жету, тіпті, қиын.

Әкімдік бұл мәселеден хабардар. Жасыл экономика басқармасымен бірлесе тиісті құжаттар әзірленіп жатыр дейді.  

Арман Амангелдіұлы, Алатау аудандық көріктендіру бөлімінің бас маманы:
Экспертизадан өткеннен кейін мердігер мекеме анықталып, көшеге арық жүйесі салынатын болады. 2021 жылдың екінші тоқсаны мен 2022 жылдың үшінші тоқсан аралығында іске асады. 

Алматыдағы арық жүйесін реттеу - өзекті мәселелердің бірі. Қала билігі 376 шақырым арық желілерін салу және қалпына келтіру бойынша жобалық сметалық құжат әзірленіп жатқанын айтты. Жұмыс 2023 жылы толық аяқталады деп жоспарланған.  

Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу