Басты Жаңалықтар «Самара-Шымкент» тас жолында болған жол апатынан зардап шеккен 74 адамның бесеуінің жағдайы ауыр

«Самара-Шымкент» тас жолында болған жол апатынан зардап шеккен 74 адамның бесеуінің жағдайы ауыр

«Самара-Шымкент» тас жолында болған жол апатынан 74 адам зардап шекті. Қазір олардың бесеуінің жағдайы ауыр. Жолаушылар мінген автобус Қызылорда облысы аумағында соғысып, үш адам ауыр жарақаттан көз жұмды. Аудандық ауруханада жатқан бес науқас бүгін санитарлық авиациямен облыс орталығына жеткізілді. Өңірдегі тілшіміз Ақерке Берікбекқызы баяндайды.

 Ақерке Берікбекқызы, тілші:

Автобустар бір-біріне қарама қарсы бағытта келе жатқан.  Ауданаралық жолаушы таситын көліктердің бірі Қазалы ауданынан Қызылорда қаласына қарай, екіншісі облыс орталығынан Қармақшы ауданына шыққан. Екі автобуста 86 жолаушы болған. Оның 74-іне дәл сол мезетте медициналық көмек көрсетілді.

85 жастағы Шырынкүл кейуанаға да дер кезінде дәрігерлік көмек көрсетілді, қазір ауруханада ем алып жатыр.  Көліктер соғысқан сәтте не болып не қойғанын толық білмейді. Әйтеуір аман қалғандарына шүкіршілік етеді.   

Шырынкүл Бектібайқызы, Қармақшы ауданының тұрғыны:

Қызылордадан бала-шағамен бәріміз келе жатыр едік. Қызылордаға барғанбыз қыдырып, ауылға келе жатыр едік. Жолдың арғы жағында болды-ау деймін. Сол жерде келе жатқанда бірден соғысқанда осындай болып қалдық. Оның әр жағын білмей қалдым. 

Күнбала Әбжәлиева, Қармақшы ауданының тұрғыны 

Қалай осы жерге келгенім есімде жоқ. Қазір әлі өзіме өзім сенбей жатырмын. Қанша адам жарақат болды, есімде жоқ ештеңе. Мұндай жағдайды тек теледидардан көретінбіз. Көзімізбен көргенімізге әлі күнге дейін сенбей жатырмыз. Қанша адам  аман-есен қалғанымызға шүкір деп жатырмыз.

Оқиғаға қатысты бейнетаспа сол мезетте-ақ әлеуметтік желіде тарады.  Жантүршігерлік мәліметтер айтылды.  Бірақ, нақты ақпарат бойынша, зардап шеккендер саны- 74. Екі адам оқиға болған жерде көз жұмған. Ал біреуі-7 жастағы бала   жансақтау бөлімінде қайтыс болды.  30 адам ауруханада  жатыр. 

Олжас Искаков, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

Бүгінгі күні 5 науқасты облыстық медициналық орталыққа ауыстыру мәселесі шешіліп жатыр. Жалпы жансақтау бөлімінде 5 науқас. Көп жарақат дейді, политравма, сол бойынша негізгі жарақатына ота жасалуда.

Жол апатының себеп-салдары әзір белгісіз.   Қылмыстық іс қозғалды.

Бауыржан Ибраев, жергілікті Полиция қызметі басқармасының басшысы: 

Бұл жерде міндетті түрде жол ережесі бұзылды. Бұл жөнінде бірнеше сараптамалар тағайындалады. Соның қорытындысымен кінәлі автокөлік жүргізушісі анықталады.  

Сондай-ақ, әлеуметтік желіде жалған ақпарат таратқандар да жауапқа тартылады.   Ал  қайтыс болғандардың отбасына жергілікті әкімдік жан-жақты көмек көрсетеді.

 

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.                        

Бөлісу