ШҚО-да «Қазақтелеком» қызметкері әріптестерін алдап кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-да «Қазақтелеком» қызметкері әріптестерін алдап кетті

16.03.2021

«Қазақтелеком» қызметкері әріптестерін алдап, ақшаларын алып кетті. Шығыс өңірлік телекоммуникация дирекциясында жұмыс істейтін «пысықай» қызметтестеріне бірлесіп бизнеспен айналысу туралы ұсыныс жасаған. Олардың көбі несие алып, қомақты қаражатты бөлім басшысының қолына ұстата салған. Енді үстінен пайда көрмек түгілі сол берген ақшаларын қайтарып ала алмай жүр.

Пандемия басталған тұста жұмыс та, оқу да онлайн форматқа өтіп, интернет көзі модем құрылғысының жаппай сұранысқа ие болғаны анық. Қазақтелекомның Шығыс өңірлік дирекциясындағы бөлім басшысы осы ұрымтал сәтті пайдаланып, әріптестеріне бизнес идея ұсынған.

 Дидар Әшімханов, Өскемен қаласының тұрғыны:
Қытайдан арзанырақ модемдерді сатып аламын деген, 14 мың теңгеге. Қазақстанда, Өскеменде оны 25 мың теңгеге сатамын деп жүрген.
Нұрлан Қалымов, Өскемен қаласының тұрғыны:
Мен өзім 1 миллион теңге ақша бердім. Үстінен 350 мың теңге қосып қайтарып беремін деді. 4-5 миллион теңге берген кісілер де бар. Солардың ақшаларын да қайтара алмай жатыр. Көбі кредит алып, ақшаны берді.

Бөлім басшысы әріптестерінен жалпы сомасы 50-60 миллион теңге алған көрінеді. Қызметкердің жымысқы әрекетіне телекоммуникациялық компания қатысымыз жоқ, дейді.

Луиза Уалханова, «Қазақтелеком» АҚ Шығыс өңірлік телекоммуникация дирекциясының маманы:
Компанияның бұл қызметкердің жұмыстан тыс уақытында немесе өзінің бір кәсібіне жауап беруге міндетті емес деп айтқым келеді. Өйткені, ол оның жеке басының ісі.

 Сан соғып қалған ондаған қызметкер полицияға арыз түсірді. Алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Әли Айбеков, Өскемен қалалық полиция басқармасы тергеу бөлімінің бастығы:
Ол қылмыстық іс бойынша 32 жасар Өскемен қаласының тұрғынына қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Қазіргі таңда сол бойынша , заңды мерзім аралығында, процессуалдық шешім қабылданады.

Әріптесіне алданып қалғандардың жалпы саны 50-ге жуық. Айтуларынша,алаяқтың арбауына түскендер бұдан да көп болуы мүмкін. Өйткені, оларды тақырға отырғызып кеткен бөлім басшысы Павлодар облысына да жауапты болған.

Берік Көшербай


Хабарламаларға жазылу