Қала әкімдігі осындай ұйғарымға келіп отыр. Бұған ата-аналар наразы. Себебі, сатып алған кәсіпкер бағаны шарықтатып, балаларымыз музыкалық білімін жалғастыра алмай қала ма деп алаңдаулы. Бұл мәселе Үкіметте де көтерілді.
Музыкалық мектептердің жабылуына қарсы ата-аналар бүгін тағы да жиналды. Айтуларынша, қазір оқу ақысы әр бала үшін 5 -8 мың теңге аралығында. Ертең жекенің қолына өтсе, баға аспандап кететіне сенімді.
Жұлдыз Досымбекқызы, ата-ана:Аптасына бес сабақ болады. Бес сабақ үшін біз сегіз мың теңге ғана төлеп отырмыз. Бір отбасында кемінде екі бала оқиды. Біз ата-аналар жекешелендіруге қарсымыз. Бұған жол бермейміз.
Шаһар әкімдігі бұған дейін де бірнеше нысанды саудалаған. Қазір олар жабылудың аз-ақ алдында тұр.
Қуан Нұрақын, тілші:Қала әкімдігі 4 жыл бұрын аукцион арқылы 14 бірдей мемлекеттік нысанды сатқан. Олардың арасында мына Глиэр атындағы 2-ші музыкалық мектеп бар. Меншігіне алған кәсіпкер айына төлейтін оқу ақысын бірден үш есеге, яғни 18 мың теңгеге көтеріп жіберген. Кесірінен келушілер саны күрт азайған.
Қазір ғимараттың үстіңгі қабатында ғана музыкалық үйірмелер жүреді. Скрипка қосымшасы жабылған. Қалған қабаттарды кәсіпкер жалға беріп отыр.
№ 3 музыка мектебінің ата-аналары да нысанның жекеге сатылуына қарсы. Ертең сатып алған кәсіпкер ғимараттың тоз-тозын шығарып, білікті мамандарды жұмыстан қуады деп отыр.
Ольга Иванова, ата-ана:Бұл жердің оқу ақысы біз секілді жас отбасына қол жетімді. Дәріс беретін мұғалімдер жоғары санатты. Осы мәселеге жауапты адамдар түсіністік танытып, саудалауға қоймайды деп үміттенеміз.
Бұл мәселе министрлер назарына да ілікті. Тіпті, қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың атына хат жіберген. Ал Мәжіліс депутаты Ерлан Смайылов Премьер-Министрге сауал жолдады.
Ерлан Смайылов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:Алматыдағы нөмірі 1,3 және 11 балалар музыкалық мектебінің жекешеленуіне қарсымыз. Бұл мәселені тездетіп шешуді талап етеміз. Сондай-ақ Білім және ғылым министрлігіне қарасты барлық мемлекеттік мекемелердің жекешеленуі тоқтатылсын.
Қала әкімдігі аталған нысандарды жекешелендіру туралы қаулы 2018 жылы қабылданғанын айтады. Десе де, Үкімет басшысының атына балалар музыка мектептерін жекешелендіру тізімінен алып тастау жөнінде хат жолдаған. Ал ата-аналар мәселе шешілмесе, Президентке шағымданудан басқа амалымыз жоқ деп отыр.
Қуан Нұрақын