Павлодарда банкке жылдап қаржы құйған тұрғындар баспанасына кіре алмай жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодарда банкке жылдап қаржы құйған тұрғындар баспанасына кіре алмай жүр

24.02.2021

«Отбасы» жинақ банкіне кезінде жылдап қаржы құйған Павлодарлықтар енді дайын үйге кіре алмай отыр. Себебі, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы дайын емес. Оның үстіне қыс бойы жылытылмаған баспана ішін қырау басып, қабырғалары қопси бастаған.

Болат Аманбаев, тілші:
9 қабатты мына үй өткен жылдың қыркүйек айында дайын болды. Сол кезде банк пен құрылыс басқармасы салымшыларға тәуелсіздік мерекесі күні қоныстанасыздар деп уәде берген. Содан бері бес ай өтті. Есік жабық. Жауапты тұлғалар тым-тырыс.

Үй инженерлік желіге қосылмаған. Ал, пәтер алуға қажетті қаржыны толтыру үшін кейбір салымшылар баспаналарын амалсыз сатып жіберіпті. Пәтерін кеңейту үшін 7 жыл бойы тірнектеп қаржы жинаған Әбдікәкім Суйяров былтыр тапсырылады дегенге сеніп қалдық дейді.

Әбдікәкім Суйяров, қала тұрғыны:
Баламыздың үйінде тұрып жатырмыз. 1 бөлмеде 2 отбасы. Қараша, одан кейін желтоқсан деді, жаңа жылда да болмады.

Салы суға кеткен салымшыларды мазалайтын тағы бір мәселе шықты. Қыс бойы жылытылмай, қаңырап тұрған үйдің сылағы түсіп, қабырғалары қопси бастаған.

Руслан Нығметов, қала тұрғыны:
Осыдан 2 апта бұрын үйге жылу тартылады-деген. Бүгін көрдік, жұмысты бастамаған. Қабырғаларға мұз қатқан. Ертең жылу берсе, қабырға көгеріп шыға келеді. Оны кім жөндейді?

Қала әкімдігінің мәліметіне қарағанда инженерлік желі тартып беретін мердігерді анықтау кезінде конкурсқа қатысқандар өзара соттасып іс созылып кеткен. Соның кесірінен сергелдеңге түскен жүздеген салымшы баспаналарына мерзімінде кіре алмады. Жергілікті билік жуырда үйді тапсырамыз деп сендіріп отыр

Мейрам Өтешов, «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасы:
15 наурыздан бастап үйдің кілтін бере бастаймыз деген жоспар бар. Инженерлік желі әлі толық қосылған жоқ. Жылу құбыры тартылды. Электр қуаты бар. Енді кәріз жүйесі қалды.

«Достық» шағын ауданында қазір 108 пәтерлік 5 үй әлі тапсырылмай тұр. Оның екеуі салымшылардың қаржысына салынған.

Талғат Байылов, «Отбасы» банкі АҚ облыстық филиалының директоры:
6-шы және 8-ші үйлерге «Достық» шағын ауданындағы, бағдарламаға қатысушылар былтыр қоныстануы керек еді. Өз тарапымыздан берілетін негізгі қарызға үстеме жүрмеуі үшін несиелендіруді тоқтаттық. Қолымыздан келген көмек сол.

Бұндай үйлерді мерекеге орайластырылып, сән-салтанатымен тапсыруды әдет қылған әкімшілік енді жанталасып бағуда. Себебі, наурызға дейін берілмесе тұрғындар тапсырыс берушіден пәтер жалдауға кеткен шығынды өндіріп алу үшін сотқа жүгінбек.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу