Түркістан облысындағы Сарыағаш кентінің қала мәртебесіне ие болғанына жарты ғасырдан астам уақыт өткенімен әлі күнге өркениет игілігінен жұрдай. Канализация жүйесі болмағандықтан көпқабатты тұрғын үйлер шайынды су мен нәжістің ортасында тұр. Ол аздай мұндағы жұрт неше жылдан бері ауыз суға да жарыған емес.
Ғани Қалмаханов, тілші:
Көпқабатты тұрғын үйдегі әрбір пәтер баспананың артынан құбыр шығарып, шайынды суын осылай далаға ағызып отыр. Салдарынан төңірек нәжіске толған. Ал көлкіген сасық судан ауланы нулы қамыс басып барады.
Кәріз жүйесі әлдеқашан қирап қалғандықтан әр үй алдынан шұңқыр қаздырған. Бүкіл лас су осында жиналады. Бірақ шұңқыр толып, оны сордырып тазалауға келгенде жұрт ақша бергісі келмейді. Иісі қолқаны қабатын шайынды су септиктің ернеуінен тасып, жертөле мен төңіректі басып қалған.
Рахима Еламанова, Сарыағаш қаласының тұрғыны:
Жертөлелер толып қалған. Оның астынан труба жүргеннен кейін жертөле ысиды. Ысыған кезде ол жерден шыққан иіске адам шыдай алмайды.
Сарыағаш қаласында бүгінде ұзын саны 50 мыңға тарта халық тұрады. Жер үйлерді қоспағанда 62 көпқабатты баспана бар. Көпшілігінде жағдай осы. Шаһарға канализация жүйесін тарту ісі былтыр басталды.
Мұхит Досболов, Сарыағаш қаласының әкімі:
Енді қазір ішкі жұмыстарды жүргізу үшін сәулет жоспарлау жұмыстары басталды. Әр көшеге жүргізілген, енді ішкі абонент сол бойынша жұмыстар бітеді. Ендігі жылы ол жұмысты бастайды.
Шайынды судың машақатынан бөлек, мұнда ішетін суды жиып алу да әбігер. Күндіз уақытпен өлшеп қана беретін суды ыдыс біткенге толтырып алмаса бар тірліктің қиюы қашады.
Саида Әлесова, Сарыағаш қаласының тұрғыны:
Бөшкеге жинап аламыз. Сонымен мотормен айдаймыз кешке қарай. Таңертеңге дейін сонымен қолданамыз. Бірақ оған шомыла алмайсың, кір жуа алмайсың. Тек ішуге ғана жетеді.
Бұл шағын аудандағы үйлердің ешбірі орталық су жүйесіне қосылмаған. Кезінде әркім өз бетінше қалаған жерінен құбыр тартыпты. Енді су тарату торабы нысанды меншігіне алып, құрылыс талабына сай қайта жүргізуі тиіс. Бірақ әзірге ол үшін мекеменің қаржысы жеткіліксіз.
Ғани Қалмаханов