Ұлыбританияда COVID-19-ға қарсы екпе жұмыстары нәтиже бере бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлыбританияда COVID-19-ға қарсы екпе жұмыстары нәтиже бере бастады

18.02.2021

Ұлыбританияда COVID-19-ға қарсы салынған екпе жұмыстары нәтиже бере бастады. Үкімет енгізген шектеулер бірнеше аптадан кейін жеңілдетілуі мүмкін. Өйткені вакцинаның арқасында өлім-жітім азайды. 

Марина Бекенова, тілші:
Ұлыбританияда екпенің бірінші дозасын 15 миллионнан астам адам, яғни, егде жастағы кісілер мен осал топтағылар алып үлгерді. Нәтижесінде 80 жастан асқан адамдардың арасында коронавирустан қайтыс болғандар саны 62 пайызға азайды. 

Ұлыбритания, Израиль мен Біріккен Араб Әмірліктерінен кейін екпе жұмыстарын белсенді жүргізіп жатқан үшінші ел. Ересек адамдар күзге дейін, тіпті одан да ертерек екпенің екі дозасын да алып үлгеруі мүмкін дейді мамандар. 

Саймон Стивенс, Англия ұлттық денсаулық сақтау қызметінің бас атқарушы:
Он аптаның ішінде мұндай нәтижеге жету оңай шаруа емес. Бірақ тоқмейілсуге уақыт жоқ. Вакциналау науқанын одан әрі жалғастырамыз. 

Биліктегілер елдегі локдаунның осымен тоқтағанын қалап отыр. Бірнеше күннен кейін үкімет шектеулерді жоятын жол картасын жарияламақ. Ең алдымен орта мектептерді ашу жоспарда бар. 

Борис Джонсон, Ұлыбритания премьер-министрі: 
Біз індетті жұқтыру қарқынын қатты қадағалайтын боламыз. Ол әлі жоғары деңгейде екенін естен шығармау керек. Ауруханаларда 23 мың науқас жатыр. 

Британиялық ғалымдар биліктегілерді асығыс шешім қабылдамауға шақырады. Өйткені елде вирустың мутацияға ұшыраған түрлері тарап, коронавирустың үшінші толқынын тудыруы әбден мүмкін дейді олар. Оның үстіне жақында антиденелерге төтеп бере алатын коронавирустың В1525 деп аталатын жаңа штаммы пайда болып, әбігерге салып отыр. 

Марина Бекенова

Хабарламаларға жазылу