Ақылы жолдарға камералар орнатылып, жол ережесі бақыланады
Енді шаһар ішінде ғана емес, қала сыртындағы ақылы жолдарда да жылдамдықты асыра алмайсыз. Автобандарға камера орнатылып жатыр. Өйткені, жол апаттары азаяр емес. Өткен жылдың өзінде трассада болған көлік апатының жартысына жуығы жол ережесін сақтамай жүйткіген. Бақылау құрылғысы әзірге 4 автожолда тестік режимде тұр. Ал 1наурыздан бастап, жүйелі түрде іске қосылады. Қазір осы жөнінде ҚазАвтоЖол мен Ішкі істер министрлігі арасында келіссөз жүргізіліп жатыр.
Елде республикалық маңызы бар жолдардың дені жөнделген. Яғни, күрежолдардағы қауіпсіздік күшейіп келеді. Бірақ, бұдан көлік апаттары азаяр емес. Былтырдың өзінде 2000-нан астам жол апаты тіркелді. Оның 40 пайызы жылдамдықты асырудың салдарынан болған. Сол себепті, енді жүргізушілердің қозғалысын қырағы камералар қадағалайтын болады.
Ғабит Шымырбаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі автомобиль жолдары комитеті басқармасының басшысы:Болашақта жылдам жүрген машиналарды тіркеп, тиісінше әкімшілік полициясына беріп отырады. Олар тиісті шара қабылдап, жол ережесін бұзушыларды бақылап отырады.
Бұған дейін 4 автожолда камера болған. Бірақ олар жол жүру ережесін емес, жолақысын төлеуді қадағалап келген. Енді жаңа құрылғылар қос міндетті қатар атқарады.
Раушан Сайлауқызы, тілші:Жолдағы мәліметтер дәл осы базаға келіп түседі. Мінекей көріп тұрғандарыңыздай, камералар бірінші кезекте көліктің нөмірін анықтап береді. Камераның басты міндеті жүргізушілердің жол ақысын дұрыс төлеуі және жолдағы қауіпсіздік ережелерді сақтауды қадағалау. Ал мәліметтер күнбе-күн сұрыпталып, тиісті органға жіберіледі.
Камераның ресми қызметі келесі айда басталады. Құрылғы әр 50 шақырым сайын қойылады. Ережені бұзғандар бірден анықталады. Өйткені, камера көліктің екі жағын бірдей түсіріп алады. Тіпті түнде де анық көретін арнайы функциясы бар.
Эрик Шаршенов, «ҚазАвтоЖол ҰК» АҚ зияткерлік көлік жүйесін дамыту қызметінің жетекшісі:Қазір біз құрылғыны сынақтан өткізіп тексерудеміз. Яғни, әзірге ешкім айыппұл төлемейді. 1 наурызда 4, ал сәуірде тағы 17 учаскеге 90-нан аса арка қойылып, бақылау камерасы орнатылады. Іске қосылған күннен бастап жол жүру ережелері бақылауға алынады.
Алдағы 4 жылда ақылы жолдар 11000 шақырымға жетеді. Сәйкесінше, оларға 200-ден аса бақылау аркасы қойылып,яғни, әрқайсысына бірнеше камералар орнатылады. Жолдағы жылдамдық санатына байланысты әртүрлі. Мысалы, 1-санаттағы жолда 140-тан, 2-ші санатта 110-нан аспауы тиіс. Ал құрылғыларды орнату жолақысына әсер етпейді.
Айдана Айдынқызы, «ҚазАвтоЖол ҰК» АҚ ақылы автомобиль жолдары дирекциясының баспасөз хатшысы:Жылдамдықтың шекті нормасы автожолдарды өндірістік тәртіпте енгізгеннен кейін автомагистральдың талаптарына сәйкес белгілі болады. Тарифтің өзгерісі қазіргі таңда жоспарланбаған. Бағаға әсер етпейді.
Камера тек жол ережесін ғана түсіріп қоймайды. Ауа райына байланысты қолайсыз күндерде жолда қалып қойғандарды да бірден анықтауға мүмкіндік береді. Бастапқыда ақылы жолдарға орнатылатын мұндай құрылғылдар кейіннен апат жиі тіркелетін жолдарға да қойылады деген жоспар бар.
Раушан Сайлауқызы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
