Шымкентте ескі ғимаратты бұзған үш адамды бетон басып қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте ескі ғимаратты бұзған үш адамды бетон басып қалды

15.02.2021

Шымкентте үш адам қирандының астында қалып, мерт болды. Олардың ересегі 54 жасар, екіншісі 29-да, ал үшіншісі жиырмадан енді асқан. Үшеуі де - Шымкент қаласының тұрғындары. Олар «Ордабасы» индустриалды аймағындағы ескі шина зауытына қарасты ғимараттардың бірінің бетонын бұзып, темірін алмақшы болған.

Үйіндінің астында қалған азаматтарды табу оңайға соқпады. Құтқарушылар мәйіттерді іздеу үшін кинологтардың қызметін пайдалануға мәжбүр болды. Абайсыз әрекеттен 2 мың шаршы метр ауданды алып жатқан ғимараттың үштен бірі қирандыға айналған.

Орынбасар Төртбаев Төтенше жағдайлар департаменті жедел құтқару жасағының басшысы:
Бірінші мәйітті біздің құтқарушылар шығарады. Ит иіс алғандықтан қалған екеуін тауып шығардық. Алдын ала болжам бойынша азаматтардың бірі сол жерде қарауыл болып жұмыс істеген деген мәлімет бар.

Иесіз цехты бұзуға кіріскен үш азамат қауіпсіздікті қаперінде де алмаған сыңайлы. Олар ең алдымен жоғары қабатта тұрып, шатырдың тіреулерін қырыққан. Артынша, көлденең тасталған қалың темірлерді шетінен ала бастаған. Тіреуі әлсіз шатыр сол мезетте опырылып, құлайды. Қазір бұл жер қатаң күзетке алынған.

Ғани Қалмаханов, тілші:
Кезінде шаһар экономикасының күретамыры болған фосфор және шина зауыттары қазір адам өмірі үшін қауіпті аймаққа айналған. Қанша жылдан бері қараусыз қалған ғимараттар апатты күйде. Соған қарамастан тегін темірді кесіп, пайда таппақ болғандар нысанға сақтанбай кіріп, ажал құшып жатады.

Тап осындай жағдай осыдан бес жыл бұрын қорғасын зауыт аумағында да болды. Зауыт ішіндегі ескі темірлерді заңсыз кесіп, содан пайда тауып жүрген азаматтың үстіне бетон жабынды құлап, астында қалған болатын. Құтқарушылар оның мәйітін 49 күннен кейін әрең тауып алды. Ал бұл жолғы оқиғаға полиция үйінде астында қалған бір автокөлік пен темір кесетін дәнекерлеу құралын айғақты зат ретінде тәркілеп алды. Қажетті сараптамалар жасалып, тергеу жүріп жатыр.

 Ғани Қалмаханов


Хабарламаларға жазылу