Ақмола облысында боран салдарынан жол апаты көбейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысында боран салдарынан жол апаты көбейді

08.02.2021

Көктайғақтың салдарынан демалыс күндері жол апаты көбейді. Ақмола облысында 2 күнде 36 жол учаскесінде қозғалыс тоқтатылды. Ескертуді тыңдамай жолға шығып кеткендер де аз болмады. Ұйтқыған боранның салдарынан Щучье қаласы маңында 5 көлік соқтығысқан. 

Жол апатынан жеңіл көлік толығымен жанып кетті. Газельдің жартысы өртенді. Қалған машиналар да зақымданды. Адамдар аман. Жолаушылардың бірі жеңіл жарақат алды. Кей жерлерде желдің күші секундына 28-30 метрге дейін болды. Макинск қаласында Қазақстан теміржолы ғимаратының шатыры ұшып кетті. 

Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар мен Аққайың аудандарында жолда қалған бірнеше көлік қар құрсауынан шығарылды. Адамдар аман. Сондай-ақ, қатты желдің салдарынан Ғабит Мүсірепов ауданында жуырда ғана тұрғызылған хоккей кортына зақым келген. Қарағанды облысында Қарағанды-Аягөз-Бұғаз автожолының бойында аударылған көліктің 3 жолаушысы құтқарылды. Оларға медициналық көмек қажет болмады. Бүгін түнде Қарқаралы қаласынан 60 шақырым жерде 2 жеңіл көлік қар құрсауында қалған. 8 адам құтқарылды, 3-і бала. Облыста барлық бағыт бойынша жолдар жабық. Бекеттерде көліктер тоқтатылып, сапарлары кейінге қалдырылды. 

Ермек Елберген

Хабарламаларға жазылу