Басты Жаңалықтар Атырауда мал азығын дайындау науқаны аяқталып қалды

Атырауда мал азығын дайындау науқаны аяқталып қалды

Атырауда қысқы мал азығын дайындау науқаны аяқталып келеді. Жоспар бойынша 600 мың тоннаға жуық жем-шөп әзірленуі тиіс. Қытымыр қыс былтыр исатайлық шаруаларға қиынға соққан еді. Төрт түлікке азық жетпей, өзге өңірлерден тасымалдауға мәжбүр болды. Ал биыл шаруалар шөптің шығымын арттыру үшін өзгеше суару әдісін қолданып көрген еді. әріптесім Нұрсұлтан Нұрсейіт біліп қайтты.

Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:
Өткен қыс Атырау облысы Исатай ауданының шаруаларына қиынға соқты. Өйткені жем-шөптің жетіспеушілігінен мал қырылып, қожалықтар үлкен шығынға ұшырады. Енді қыстың қамын жаз ойла дегендей биыл шаруалар ерте қамданған. Жалпы аудан бойынша 91 мың тонна мал азығы дайындалуы тиіс.
Қазір ауданда шабындық алқаптарда жұмыс қызу. Мал азығын дайындауға 25 бригада, 35 шөп шабу техникасы мен 60 шақты адам жұмылдырылған. Шаруа қожалықтары шөпті теңіз түбінен шабады. Бейнеті көп, бірақ пайдасы аз.
Шахидолла Шамұратов, шаруа қожалық иесі:
Қатты көп ақтай қоймайды өзінікін. Бірақ малға шөп дайындап алуымыз керек, сол үшін жүріп жатырмыз. Құрақтан басқа шөп өспейді бұл жерге. Теңізге байланысты өсетін зат. Теңіз тартылып бара жатыр. Біздер артынан жайлап шауып келе жатырмыз ғой енді.
Кей шаруашылықтар өнімділікті арттыру үшін жаңбырлатып суару технологиясын енгізіп жатыр. Бұл әдіс шөптің шығымын арттырып, қысқы мал азығын жеткілікті көлемде жинауға мүмкіндік береді. Ал шаруаларға мемлекет тарапынан да қолдау бар.
Дидар Есмұханов, аудандық кәсіпкерлік және а/ш бөлімінің басшысы:
Үкімет тарапынан жеңілдетілген субсидия беріліп тұр. сатып алған суммасының 80 пайызын үкімет кері қайтарып берді. Биыл қуаңшылық жоқ, жаңбырлы өте жақсы болды. Енді алдағы уақытта осындай қысқы уақытта қиыншылықтар болса кәсіпкерлер, кәсіпорындар арқасында былтырғыдай техникалармен көмектесетін боламыз.
Жергілікті жерде дайындалған жем-шөп көлемі жеткіліксіз болса, аудан сырттан азық тасымалдауға дайын. Өткен жылғыдай Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстары, көршілес Құрманғазы, Қызылқоға аудандарынан әкелінеді. Ал құрама жем Атырау қаласынан, сонымен қатар Ресейдің Астрахань облысынан тасымалдануда. Бағасы 25 келі үшін 2500-3000 теңге аралығында.
Нұрым Мусин, Исатай ауданының әкімі:
Ангар сатып алуға тиісті қаржы бөлініп, қазір конкурстар өткізу жоспарлануда. Сол ангарды алып, тиісті тасымалдаушы кәсіпкерлерге сенімгерлік басқаруға беріп сосын қыстың айында қиындық болып жатқан шаруагерлерге былтырғыдай жем сату жоспарда бар.
Жалпы Атырау облысы бойынша қысқы кезеңге 600 мың тонна ірі мал азығынан бөлек 4 мың тоннаға жуық сүрлем және 46 мың тонна құрама жем дайындалуы тиіс. Бұған 750-ге жуық ауыл шаруашылығы техникасы мен мыңнан астам жұмысшы тартылған. Науқанды қыркүйек айының аяғында аяқтау көзделіп отыр.


Бөлісу