Павлодарда тағы құбыр жарылып, көпқабатты 37 үй мен ондаған әлеуметтік нысан сусыз қалды. Түннің бір уағында үйлеріне су кірген тұрғындар әбден әбігерге түсті. Бірнеше көшеде көліктердің жүруіне шектеу қойылды. Ақау шыққан жер әлі жөнделіп жатыр.
Жарылған құбырдан атқылаған су әп-сәтте қаланың орталығындағы бірнеше көшені көлкітіп жіберді. Екі кештің ортасында көпқабатты үйдің тұрғындары әлекке түсті.
Болат Аманбаев, тілші:
Іңір байланғаннан кейін кірген адам шыға алмай, шыққан адам кіре алмай әбігерге түскен үй бұл. Жертөлесі суға толып тұр, аула көл-көсір. Апаттық қызмет көліктері енді келді.
Бірнеше сағат бойы өз күштерімен жертөлені судан тазартпақ болған тұрғындардың тірлігінен түк шықпаған. «Құтқару қызметі апат орнына бірден келмеді», - дейді наразы жұрт.
Бекзат Мықтыбеков, тұрғын:
«Qzqaastan» телеарнасына звондады осы жердегі тұрғындар. Сіздер бірінші болып келдініздер. Сіздер келген соң мына кісілер енді келіп отыр. Бүгін сағат 5-те басталған еді. Бестен бастап мына су әлі ағып жатыр. Тоқтаған жоқ.
Айсұлу Әбдрахманова, тұрғын:
Сағат 7-нің кезінде балалармен келдік. Үйге кіре алмадық. Әзер кірдік. Айқайладым күйеуіме, ол шығып балаларды бір-бірден кіргізді. Сіз келгенше авариялық қызмет, не КСК ешкім құлақ асқан жоқ.
Құтқарушылар магистральдің бойындағы ақауды бекітудің амалын қарастырғанымен, одан түк шықпады. «Атқылаған су әрекет етуге бой бермейді»,-деді оқиға орнына келген қала әкімі.
Ержан Имансләм, Павлодар қаласының әкімі:
Қазір жан-жақтан насостар қойып отырмыз. Бірақ бәрібір су осы жаққа кетіп отыр. Өйткені, мына жақ төмен болған соң су осы жаққа келіп отыр.
Су қысымы аса жоғары оның үстіне ылғал тиіп мұздаққа айналған қар қоса жөңкіп, кәріз коллекторларын бітп тастады. Салдарынан түнде 37 үйге су беру тоқтатылды.
Игорь Рыбас, қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы:
Су жүретін 500 диаметрлік құбырдың ысырма қақпағы сынып кеткен. Бұл қысымның күрт күшейуінен болды. Қазір көпқабатты 18 үйде су жоқ. Сәлден кейін біразына қосылады. Ал басқаларына суды арнайы көліктермен жеткізіп береміз.
«Атқылай аққан суды тоқтатудың жалғыз-ақ амалы камераны ашып, ысырма қақпағын ауыстыру», - дейді мамандар. Бірақ судың екпіні адамды тұншықтырып жіберуі мүмкін. Жұмысшылар түс ауғанға дейін бұндай тәуекелге бара алмады. Желінің қашан толық жөнделетіні әзірге белгісіз.
Болат Аманбаев