Екпе салдарынан ауырып қалғандарды арнайы сарапшы топ бақылауына алады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Екпе салдарынан ауырып қалғандарды арнайы сарапшы топ бақылауына алады

01.02.2021

Екпе салдарынан ауырып қалғандарды арнайы құрылған сарапшы топ бақылауына алады. Бұл туралы елордалық денсаулық басқармасының басшылары айтты. Қазір қалада 730 мың тұрғын екпе алушылардың санатында. Ол үшін бюджеттен 3 млрд теңге бөлу қарастырылған. Алғашқы кезеңде наурыз айына дейін 6300 медицина маманына коронавирусқа қарсы екпе егіледі.

Вакцина алған әр тұрғынға арнайы ескертпе қағаз беріледі. Мәселен, иммунитет бірден қалыптаспайтындықтан санитарлық талаптарға салғырт қарамаған жөн. Екіншіден, екпе орнына су тигізуге әсте болмайды. Ішімдік ішуге, шамадан тыс физикалық күш салмаған дұрыс. Сондай-ақ жанама әсерлердің де болатыны ескертілді. Дене қызуы, әлсіздік, бас ауруы, шаршау, ауырсыну, екпе орынының ісінуі, жүрек айнуы, тәбеттің болмауы, аллергиялық реакциялар туындаған жағдайда бірден жедел жәрдемге жүгінген жөн.

Әлия Рүстемова, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының орынбасары:
-Қандай да бір асқыну байқалса қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының жанынан сарапшы топ құрылған. Оның құрамында басқарма мамандары, терапевт, инфекционист, невропатолог, иммуннолог сияқты бірқатар мамандар бар. Егер екпенің салдарынан асқыну белгілері байқалса осы топ жіті тексеріп, тиісті шаралар қабылдайды.

Жүкті әйелдер мен бала емізетін аналарға, ковидтен айыққанына 6 ай толмағандарға, олармен байланыста болып, оқшауланған азаматтарға, вирустың симптомсыз түрімен ауырғандарға екпе салынбайды. Оны салдырудан бұрын сақтаудың да арнайы нормативі бар. Бұл мақсатқа елордада 20 шақты мұздатқыш пен 82 термоконтейнер әзірленді.

Тимур Мұратов, қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
-Біз айтып отырған 65 – 70 % тұрғындар қаламызда вакцина алып, иммунитет пайда болатын болса өздеріңізге белгілі нәрсе коллективті иммунитет пайда болады. Коллективті иммунитет болатын болса енді болашақта, осы жылдың аяғында аман-есен бір-бірімізбен араласып, шектеулер азайып, қалыпты өмірге көшуге мүмкіндік аламыз. Мүмкін масканыда шешерміз.

Мамандар вакцинадан бас тартқандарға әкімшілік немесе қылмыстық жаза қолданылмайтынын тағы ескертті. Бүгіннің өзінде кей медицина мамандары белгілі себептерге байланысты екпе салдырмаған. Мұндай жағдай елде бірең-сараң, дейді жауапты ведомства.

Раушан Сайлауқызы, тілші:
-Ал эпидемиологияллық жағдайға тоқталар болсақ, қала «қызыл» аймақтан «сары» аймаққа ауысты. Дегенмен желтоқсанмен салыстырғанда науқастар саны 1 жарым есеге артқан. Қазір 3700-ден астам адам ем алып жатыр. Оның 752-сі оқушы, 145-і студент. Олардың басым бөлігі вирусты қашықтан оқып жүріп жұқтырған. Оның үстіне ережені елемей, талапты бұзу фактілері азаймай отыр.

Раушан Сайлауқызы


Хабарламаларға жазылу