«Әрқайсысың 10 мың теңгеден беріп тұрасыңдар». Түркістан облысы Кентау полиция бөлімі басшысының орынбасары қарамағандағыларға осындай салық міндеттеп, ақша жинап келген. Оның жол-патрульдік қызметі инспекторларына қомақты қаржыға азық-түлік себеті мен қымбат коньяктан сый әзірлеу туралы ауызша жазбасы әлеуметтік желіге тарап кетті. Бұйрық райда айтылған тапсырма боқауыз сөздерге толы.
Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі атышулы қызметкердің бұған дейін де тап осындай жолмен қызметкерлерден ақша бопсалағаны үшін істі болғанын айтады. Алайда ол өткен жылдың қазан айында соттың шешімімен өз орнына қайта жайғасқан. Оңай олжаға құныққан басшы әзірге жұмыс істеп жатыр. Ақша бопсалау туралы дерекке қатысты полиция департаменті өзіндік қауіпсіздік қызметі тексеріс бастады.
Ғани Қалмаханов