«Қоғамдық бақылау туралы» жаңа заң жобасы ашық талқылауға шығарылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қоғамдық бақылау туралы» жаңа заң жобасы ашық талқылауға шығарылды

22.01.2021

Заңның толық нұсқасы «Ашық нормативтік-құқықтық актілері» порталы мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің сайтында жарияланған. Осы талқылау алаңында кез келген азамат ұсынысын айтып, пікірін қалдыра алады.  

Қоғамдық кеңес мүшелерімен кездескен министр алдымен заң жобасына қатысты барлық сарапшылардың ұсынысы ескерілетінін айтты.  

Аида Балаева, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:   
-Мұндай талқылаулар әлі жалғасады. Әр өңірлерде жалғасады. Өйткені бізге өңірлердегі өздеріміздің әріптестеріміздің пікірі қажет. Сондықтан әр өңірдің өзінің дамуы, әр өңірдің белсенді азаматтары бар олардың барлығының пікірлерін тыңдап, ескеретін боламыз.  

Заң жобасы қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктердің жаңа кезеңге өтуіне жол ашады. Азаматтық қоғамның негізгі бағыты ол бақылау. Сондықтан қабылданатын заңды ашық әрі жария талқылау басты мақсат.  

Жеміс Тұрмағамбетова, заңгер:   
-Заң жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасымен қарастырылып жатыр. Құқықтық саясат туралы кеңес бұл заң жобасын талқылауды биылғы сәуір айына белгіледі. Сондықтан, қазіргі атқарылып жатқан жұмыстарға көңілім толады.  

Сондай-ақ, жиынға қатысқан сарапшылар аталған заң жобасы дер кезінде қолға алынып отырғанын айтты.   

Дос Көшім, саясаттанушы:  
-Бұл заң шындығында керек. Менің ойымша талқылау жақсы өтті. Жақсы ұсыныстар болды. Сол ұсыныстар енді депутаттардың жұмысшы тобының қаперіне алынса.  
Эдуард Полетаев, саясаттанушы:  
-Аталған заң жобасы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының бір бөлігі. Ол Мемлекет басшысының 2020 жылдың 1 қыркүйегіндегі Жолдауынан бастау алады. Бұл заң тұжырымдамасының өзі үкіметтік емес ұйымдардың маңыздылығын және Қазақстандағы азаматтық қоғамның рөлін көрсететіндігін мойындау керек.  

Жаңа заң жобасы барлық мүдделі тараптардың, соның ішінде заң сарапшыларының, құқық қорғаушылардың және қоғам қайраткерлерінің ұжымдық жұмысы. Мемлекет басшысы қол қойғанға дейін әлі електен өтіп, сұрыпталады. Сондықтан комиссия мүшелері алдағы уақытта барлық өңірлерді аралап, белсенділердің пікірін жинамақ.  

Қуан Нұрақын  


Хабарламаларға жазылу