Шымкентте компьютерлік клуб карантин талаптарын елеместен жұмысын жалғастырып келген. Ең сорақысы FC компьютерлік клубы осыған дейін 7 рет айыппұл төлеген. Кезекті рейд кезінде клубта 30-дан астам жасөспірім ойын ойнап жатқан. Олардың ешбірі қорғаныш маскасын тақпаған. Залалсыздандыру құралдарын пайдаланбаған. Кәсіпкерлік нысанының иесіне санитарлық нормативтерді бұзу дерегі бойынша хаттама толтырылды. Жалпы карантин енгізілгелі заңға бағынбаған түнгі клуб, букмекерлік кеңсе және ойынханаларға қатысты 300-ден астам әкімшілік іс қозғалды.
Азамат Қабылов, Учаскелік полиция инспекторы:
Қазіргі таңда ҚР Әкімшілік құқық бұзу туралы кодексінің 425-бабына сәйкес хаттама толтырылып, тиісті орынға жіберілді.
Қостанай облысының Рудный қаласында компьютерлік ойын клубы карантин кезінде тыйым салынғанына қарамастан өз жұмысын жалғастырған. Құқық қорғаушылар келгенде ойын залында 10 адам отырған. Полиция осы жерде хаттама толтырды. Әрі қарай шара қолдану үшін құжат Рудный қалалық Тауарлар және қызмет көрсету сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданды.
Ғани Қалмаханов, Дәуренбек Әбдібек