«Qazaqstan» арнасы «Disney» фильмдерінің апталығын ұсынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Qazaqstan» арнасы «Disney» фильмдерінің апталығын ұсынады

29.12.2020
«Qazaqstan» арнасы «Disney» фильмдерінің апталығын ұсынады

Жаңа жыл қарсаңында «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы «Disney» анимациялық фильмдерінің апталығын ұсынады. 31 желтоқсан мен 3 қаңтар аралығында арна эфирінен «Disney»-дің әйгілі «Ұйқыдағы ару» («Спящая красавица»), «Мұзды өлке» («Холодное сердце»), «Джунгли кітабы» («Книга Джунглей»), «Бикеш пен Қаңғыбас» («Леди и Бродяга»), «Ральф Интернетке қарсы» («Ральф против Интернета»), «Көліктер-3» («Тачки-3») анимациялық фильмдері синхронды дубляжбен шығады. 

«Qazaqstan» телеарнасы отандық телевизия кеңістігінде көркем және анимациялық фильмдер мен сериалдарға синхронды дубляж жасайтын жалғыз арна. Телерадиокорпорацияның синхронды дубляж жасауда он жылдан астам тәжірибесі бар. 

Ұлттық арнаның дубляж бөлімінің жетекшісі Гүлнар Рахимованың айтуынша, «Disney»-дің бір туындысын дыбыстау үшін 40-тан астам маман жұмыс істейді. 

«Disney» талаптары өте қатаң. Дубляж белгілі бір нұсқаулыққа сүйене отырып жасалады. Процесті бастан-аяқ бақылап, дыбысталатын дауыстарды толықтай компанияның өзі бекітеді. Кастинг өткізіліп, әр персонажға үш актердан ұсынылады. Бұл «Disney»-дің бір туындысына 40-тан астам дубляж маманы жұмылдырылады дегенді білдіреді. Анимациялық туындылардағы әндер мен өлең жолдарының ұйқасы да жіті қадағаланады. Мәтін фильм кейіпкерлерінің артикуляциясына сай бейімделеді. Актерлер анимациялық фильмдердегі барлық әндерді шырқайды. Сондықтан, бұл жұмысқа тек кәсіби мамандар, музыкалық редакторлар мен хормейстерлер жұмылдырылады. Егер кейіпкер бала болса, сәйкесінше дубляж да бала дауысымен жасалуы тиіс», - дейді Г.Рахимова. 

Осы күнге дейін Ұлттық арна «Disney» компаниясының алтын және платина коллекциясынан 50-ге жуық туындыны аударған. 

Биылғы жылдың жаңажылдық кестесіне енгізілген «Ұйқыдағы ару», «Мұзды өлке» анимациялық фильмдері 31 желтоқсан 08:45-те және 13:00-де, «Джунгли кітабы» 1 қаңтар 19:40-та, «Бикеш пен Қаңғыбас», «Ральф Интернетке қарсы» анимациялық фильмдері 2 қаңтар 10:00 және 16:10-да, «Көліктер-3» 3 қаңтар 16:15-те эфирге шығады.

Disney Ұлттық арна Дубляж

Хабарламаларға жазылу