Зейнетақы қорындағы ақшаны мерзімінен бұрын алуға мүмкіндік беретін заң қабылданды. Енді құжатқа Президент қол қойса, 700 мыңнан астам азамат жинаған қаржысының бір бөлігін жеке мақсатта пайдалана алады.
Досжан Маратұлы, тілші:-Зейнетақы қорындағы ақшаны алу туралы құжат жылға жуық әзірленіп, қоғамның қызу талқысына түскені анық. Тіпті депутаттар да оны бірден қабылдай қойған жоқ. Сенаторлар заңға түзетулер енгізіп, оны Мәжіліске қайтарғаны есте. Бүгін төменгі палата осы түзетулерді мақұлдап, құжатты бірден Президенттің қарауына жіберді.
Оған Мемлекет басшысы қол қойса, жинақтың бір бөлігін пәтер алуға, алғашқы жарна мен ипотекалық несиені төлеуге, жер алып үй салуға, жөндеу жұмыстарын жүргізуге және емделуге жұмсай алады. Денсаулық сақтау министрлігі жариялаған ережеге сай, ол үшін емдеу мекемесінен растайтын анықтама алу керек.
Жансұлтан Матаев, «Отбасы банк» АҚ орталық филиалының директоры:-Әр поликлиникада өздерінің дәрігерлік комиссиясы болады. Сол комиссия сол жаққа жүгінгеннен кейін ол комиссия қарап, шынымен емделу бағасы, болмаса жасалатын операция соның бәрін анықтап, сәйкесінше бір қорытынды береді.
Яғни ақшаны шешуге egov арқылы өтініш берген кезде, сол медициналық қорытындыны қоса жібересіз. Баспанаға да тура сол. Растайтын құжаттар қажет. Ал қаржы қолыңызға берілмейді. Ипотеканы жапқыңыз келсе, несиеңіз бар банкке, ал емделемін десеңіз бірден клиникаға аударылады.
Досжан Маратұлы, тілші:-Ал қордағы ақшасының бір бөлігін 721 мыңнан астам адам ала алады. Өйткені олардың жинағы жеткілікті мөлшерден асып тұр. Енді Президенттің заңға қатысты шешімін күту ғана қалды. Егер мақұлданса, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі өтінішті қай күннен бастап беруге болатынын хабарлауы тиіс.
Досжан Маратұлы