Қарапайым заттар экономикасы: Мамин бағдарламаны іске асыруда көш бастап тұрған өңірлерді атады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарапайым заттар экономикасы: Мамин бағдарламаны іске асыруда көш бастап тұрған өңірлерді атады

15.12.2020
Қарапайым заттар экономикасы: Мамин бағдарламаны іске асыруда көш бастап тұрған өңірлерді атады

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын іске асыру бойынша Қостанай, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Алматы және Түркістан облыстары көш бастап тұр (үлесінің орташа көрсеткіші 67%-дан 76%-ға дейін). Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин осылай деді. Ал Маңғыстау, Атырау, Жамбыл, Батыс Қазақстан облыстарынының көрсеткіштері көңіл көншітпейді.

«Осы облыстарының әкімдіктері тарапынан тиісті жұмыс жүргізілмеген, кейбір салалар бойынша жергілікті қамту үлесі 24 бастап 43%-ға дейінгі аралықты қамтиды. Бұл жерде әкімдіктердің жұмысын жандандыру керек», — деді А.Мамин. 

Үкімет басшысы бір ай мерзімде жаңа ынталандыруды, соның ішінде мемлекет тарапынан кепілдік мөлшерін ұлғайтуды көздейтін «Қарапайым заттар экономикасы» жеңілдетілген кредит беру бағдарламасына түзетулердің жетінші топтамасын әзірлеуді тапсырды.

Сонымен қатар бағдарламаның барлық мақұлданған жобаларын уақытылы іске қосуды қамтамасыз ету қажет екенін де атап өтті. Жақсы мысал ретінде Алматы қаласы, Жамбыл және Қостанай облыстарын келтірді. Ал Қызылорда және Атырау облыстарында мақұлданған көптеген жобалар әлі күнге дейін субсидияланбағанын, онда жобалардың сомасы мен саны бойынша ең аз өсім байқалатынын тілге тиек етті. 

«Әкімдіктерге экономика салаларындағы жергілікті қамту үлесінің мақсатты көрсеткіштеріне қол жеткізіп қана қоймай, олардың белсенді өсуін қамтамасыз етуді тапсырамын. Ол үшін жергілікті қамтуды бақылау жөніндегі өңірлік комиссиялар алаңын тиімді жұмылдырып, өңірлік бизнес пен маңызды тапсырыс берушілерді тарту керек», - деді Үкімет басшысы.


Үкімет отырысы

Хабарламаларға жазылу