Замануи медициналық құралдармен жабдықталған су жаңа көліктердің 35-і пайдалануға берілсе, алдағы аптада тағы да 50 данасы жеткізілмек.
Мегополисте COVID-19 жаңа толқынына дайындық аясында диспетчерлік қызмет күшейтілді. Жедел медициналық жәрдем қызметінің алдыңғы шебінде үш жүзден аса дәрігер мен 1400-ге жуық фельдшер жұмыс істейді.
Біржан Оспанов, қалалық жедел медициналық жәрдем қызметінің бас дәрігері:-Алдыңғы қатарлы әлемдік брендтердің заманауи, портативті құралдарымен жабдықталған көліктер жеткізілді. Жедел медициналық жәрдем қызметі коронавирустық инфекцияның жазғы толқыны кезеңіндегі жұмыс тәжірибесін ескере отырып, материалдық-техникалық базаны жақсартып отыр.
Қазір медициналық мекеменің авто тұрағы су жаңа көліктерге ауыстырылып жатыр. Олардың ерекшелігі жұмсақ әрі жайлы дейді жүргізушілер.
Дүйсенғали Қайыңбаев, жедел жәрдем көлігінің жүргізуішісі:-Бұл көлік тоқтамайды. Тәулік бойына. Тәулік бойына тоқтамағаннан кейін көлік тозады. Осы кейінгі көліктердің сапасы жақсы келіп жатыр.
Сондай-ақ, жедел жәрдем көлігінің ішінде халықаралық талаптарға сай жабдықтардың бәрі бар.
Азамат Қуанышев, жедел жәрдем бригадасының дәрігері:-Мына жерде өкпені жасанды желдету аппараты бар және қан қысымын өлшеуге болады.
Бүгінде жедел медициналық көмек қызметінің құрылымында барлығы — 12 қосалқы станция мен 300-ге жуық бригада тәулік бойы қызмет атқарады. Жаңа толқын бола қалған жағдайда олардың санын екі есеге дейін арттыру жоспарланып отыр.
Қуан Нұрақын