98 кәсіби спорт клубы бюджеттен жыл сайын 55,5 млрд теңге қаражат алады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

98 кәсіби спорт клубы бюджеттен жыл сайын 55,5 млрд теңге қаражат алады

09.12.2020
98 кәсіби спорт клубы бюджеттен  жыл сайын 55,5 млрд теңге қаражат алады

Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин кәсіби спорт клубтарына бөлінетін қаражат бұдан да көп деп ойлайды. 

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды. Заң жобасын таныстырған Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова құжат бұқаралық спортты дамыту, балаларға спорт секцияларын қолжетімді ету және жан басына шаққандағы қаржыландыру көлемін өзгерту сияқты мақсаттарды көздейді дейді. 

Заң жобасын талқылау кезінде мәжіліс депутаты әрі Олимпиада чемпионы Ольга Шишигина Ақтоты Райымқұловаға кәсіби спорт клубтарына бөлінетін қаржы көлемі туралы сұрақ қойды.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіби спорт клубтарын қамтуға кететін қаражатты қысқарту керек деген еді. Осы тапсырманы орындау үшін министрлік не істеді»,- деді сауалын жолдаған депутат.

Ақтоты Райымқұлова атап өткендей, министрлік елдегі кәсіби спорт клубтарының жұмысына анализ жасаған. Қазір кәсіби спорт клубтары жергілікті атқарушы органдар мен «демеушілердің» арқасында жұмыс істеп тұр, дейді министр.

«Біздің министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірге анализ жасады. Елімізде жалпы 98 кәсіби спорт клубы бар. Олар жергілікті атқарушы органдар есебінен қаржыландырады. Кейбіреуі демеушілерден ақша алады, яғни, ұлттық компаниялар мен жеке кәсіпкерлер ақша бөледі. Анализ жасап, кәсіби спорт клубтарын ұстауға кететін қаражат деңгейін төмендетуде ұсынып отырмыз. Ойнайтын да, ойнамайтын да клубтар бірыңғай тарифтік сеткаға көшсін деп отырмыз. Сонымен қатар, спортшылар мен жаттықтырушылардың, клубта жұмыс істейтін өзге де қызметкерлердің жалақысы бойынша бірыңғай тариф бекітуді ұсындық. Қазір 98 кәсіби спорт клубтарын қаржыландыруға жыл сайын 55,5 млрд теңге қаражат кетеді», - деді сұраққа жауап бере бастаған Ақтоты Райымқұлова.  

Бірақ, Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин бұл цифрға күдікпен қарап, министрге бүкіл қаржыландыру көздерін қосқанда, кәсіби спорт клубтарының бір жылғы бюджетін жасырмай айтыңыз деді.

«Жалпы, жыл сайын спортты дамытуға 160 млрд теңге бөлінеді, соның ішінде кәсіби спорт клубтарына 55,5 млрд теңге», - деді Ақтоты Райымқұлова.

«Тоқтаңыз, сіз жаңа қаржы жергілікті атқарушы органдар мен демеушілерден келеді дедіңіз. «Демеуші» деп отырғаныңыз квазимемлекеттік сектордағы компаниялар. Олай болса, олар  бөлетін ақша мемлекеттікі. Сіздер квазимемлекеттік сектордағы компаниялардың ақшасын «демеуші» деген сөзге астарлап қойдыңыздар. Олардың да қаражатын ашық айту керек», - деді Нығматулин.

«Жергілікті атқарушы органдардан 55,5 млрд теңге, қосымша «Астана» спорт клубына «Самұрық-Қазынадан» қосымша 27 млрд теңге бөлінеді. Біз Үкіметке осы қаражатты екі есеге азайтып, қысқарған 22,5 млрд теңгені бұқаралық спортты дамытуға жұмсайық деген ұсыныспен шықтық. Ұсынысты Үкіметке енгіздік», - деп хабарлады Ақтоты Райымқұлова.

Егер Үкімет осы ұсынысқа қатысты оң шешім шығарса, онда әкімдер 98 клубты ұстауға кететін қаражатты екі есеге қысқартуға міндетті болады.


спорт Қазақстан кәсіби спорт клубтары

Хабарламаларға жазылу