Қытайдың Қазақстан экономикасына тікелей инвестициясы 360 миллион долларға жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қытайдың Қазақстан экономикасына тікелей инвестициясы 360 миллион долларға жетті

07.12.2020

Пандемия Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда айналымына кері әсерін тигізген жоқ. Керісінше, қиын кезеңде екі мемлекеттің қарым-қатынасы беки түсті. Бұл жөнінде көрші елдің Қазақстандағы елшісі Чжан Сяо тілшілерге берген сұхбатында айтты.  

Биыл Қытайдың Қазақстан экономикасына тікелей инвестициясы 360 миллион долларға жетті. Бұл былтырмен салыстырғанда 80 процентке көп. Негізгі кірісі - трансшекаралық көлік қатынасының арқасында. Мәселен, Қытайдан Еуропаға Достық-Алашанькоу арқылы өткен пойыздар саны жыл басынан бері 4 мыңға жетті. Ал Қорғас арқылы 4390 контейнерлік пойыз қатынаған.

Чжан Сяо, Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі: 
Қытай экономикасы «карантиннен» тез шықты. Осылайша, экспорт пен импортқа қажеттілік артты. Бұл экономикаға үлкен серпіліс берді. Осы ретте, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бір жол, бір белдеу» бастамасының тиімділігін де атап өту керек.  

Қытай - COVID-19 вакцинасын әзірлеп жатқан жетекші елдердің бірі. Бүгінде көрші мемлекетте 13 түрлі вакцина дайындалып жатыр, оның 5- еуі клиникалық сынақтан өткізілуде. Біреуі жақын күндері сатылымға шықпақ. Жалпы, Қытай екпесі 1 миллион адамға егілген, олардың ешқайсысы өзін жайсыз сезінбеді. 

 Чжан Сяо, Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:
-Қытай коронавирусты қалай тез жеңіп шықты? Маған жиі қойылатын сұрақтардың бірі осы. Ухань қаласы мен Хубэй провинциясын бірден жаптық. Қиындықтарға қарамастан, осындай шешім қабылданды және ол дұрыс қадам деп есептеймін. Ұйымдастыру мен мобилизация жоғары деңгейде және әр азаматтың жауапкершілігі жоғары болды. 

Қазақстан Қытай вакцинасын сатып алуға қызығушылық танытса, мәселені талқылауға дайынбыз, - дейді елші. Екпенің 90 пайыз тиімділігі дәлелденген. Тасымалдау мен сақтау да ыңғайлы. Бұл ретте, Чжан Сяо Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдерімен арада «жедел желі» құру ұсынысын атады. Өйткені, инфекцияның трансшекаралық таралу жағдайын біліп отыру өте маңызды.

Фариза Мұсақызы 


Қытай Қазақстан экономика

Хабарламаларға жазылу